Айтқанға сеніп, жетекке еріп...
Айтқанға сеніп, жетекке еріп...
© коллаж: Елдар Қаба
Шекара асып, шетелге кетуге құлшыныс таныту­дың себебі көп. Бірі жоғары білім іздеп, енді біреуі қа­ра жұмысқа жегіліп, тұр­мы­­сын жақсарту үшін кете­ді. Алайда армандаған ай­­лы­ғын бермек түгілі со­қыр тиын ұстатпай, құл­дық­тың қамытын киіп кет­кендер туралы жиі естиміз. Өкі­ніштісі сол, өткеннен са­бақ алғандары аз.
Олай деуіміздің себебі, күні кеше тағы бір қазақстандық қыз Лаоста құлдыққа түскенін айтып, көмек сұрады. Бүгінде Қазақ­станның Ханойдағы елшілігі Лаос сыртқы істер министрлігіне азама­тымызды құтқаруға барынша кө­мек көрсетуді сұрап, тиісті нота жолдады. Бұл мәселемен енді Лаос сыртқы істер министрлігі мен ішкі істер министрлігінің өкілдері ай­налыспақ. Елдегі адам құқығын қорғау саласының сарапшылары Лаостағы қазақстандықтың ісі әлі жіті тексерілуі керегін айтады. Өйткені «адам саудасы» бойынша іс қозғалудың да өз дәрежесі бар. Президент жанындағы Адам құ­қықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішовтің ай­туынша, адам саудасымен айна­лысушылар құлдық құрбанда­ры­ның құжаты мен телефонын тар­тып алып, өздерін қапаста ұстайды. «Сондықтан қыз бала құлдыққа тартылмауы да мүмкін. Бұл жерде мәселе келісімшартты дұрыс оқы­мағаннан туындаған секілді. Сол үшін құзырлы орындардың са­раптамалық жұмысын күткен дұрыс», – дейді ол.
Жау алыстан келмейді Адам бостандығы мен еркіндігі басты байлық саналатын біздің елде құлдықтың қамытын киіп, еңбегі аяусыз қаналып жатқандарда есеп жоқ. Есеп жоқ деуіміздің өзін­дік себебі бар. Өйткені ресми ор­гандарда тіркелген сан ашылғаны ғана. Ал ар-ұятты жоғары қойып, ел-жұрттың өсегінен, қала берді әділетті үкімнен қайран жоғын ал­ға тартатындар тағы бар. Одан бөлек, жат жұртқа жоғары жалақы іздеп барып, құлдыққа жегілген қазақ­стандықтардың өксікпен өмірін өткізіп жатқаны белгісіз. Көші-қон жөніндегі халық­аралық ұйымның статистикалық мәліметтері бойынша, Қазақстан әлемдегі адам саудасы ең көп тір­келген елдердің тізіміндегі «көш­басшылығын» әлі берген жоқ. Оның себебін біздегі құзырлы орындар тоғыз жолдың торабында жатқан Қазақстанның шекарасы ТМД елдері үшін айқара ашық тұрғанымен түсіндіреді. Екін­ші­ден, мол қаржыға малданғандар адам саудасының тілге жиі тиек етілге­ніне де назар аударуға шама­сы жоқ. Оның соңы арзан бағаға шетелге шығуға билет ұсынатындар мен әлеуметтік желі арқылы өз еліне шақыратын «қонақжай» жандар­дың ертегіге бергісіз сөзіне елітіп, ертеңіне балта шабуына әкеледі. Әйтпегенде біраз жыл бұрын оңай олжа табамын деп құлдыққа түскен Тагина Хайтметованың жағ­дайы талайымызға сабақ болса игі еді. 24 жастағы отандасымыз ата-анасына ескертпестен белгісіз бі­реулерге еріп, Бахрейннен бір-ақ шық­қан. «Бахрейн ісінде» жо­ғары жа­лақы табамын деп барып, ба­сы­байлы күңге айналған 15-26 жас аралығындағы 39 қыз елге қайта­рылды. Олардың арасында кәме­леттік жасқа толмаған 9 қыз бар. Был­тыр ғана осы атышулы іске соң­­ғы нүкте қойылып, 16 сот­та­лу­шы­­ның алды 14 жылға жаза арқалады. Трансұлттық қылмыстық топ қыздарға тұрмысын түзету үшін, ал кәмелеттік жасқа толмағандарды «басқа қалада оқытамыз» деген сылтаумен ата-анасына сенімхат жаздырып алып, шетелге 5 және 15 мың АҚШ долларына сатып отыр­ған. Алданған ата-аналар балала­рын өз бетінше іздегенімен, қыл­мыс­тық топтан үнемі қысым көріп келгені айтылды. Қылмыстық топтың құрды­мы­на түскендердің барлығы Түркістан облысының қыз-келіншектері. Ал олардың құжатын рәсімдеп, шет­елге жібергендер жәбірлену­шілер­дің жақын туыстары. Олар жа­қын­дарының сеніміне кіріп, ұшаққа отырғызып жіберумен айналысса, күтіп алушылар түскен бойда құжаттарын тартып алып, күңдікке салған. Қыздардың құжаты, виза­сы мен билет құны 300-600 мың тең­геге дейін сатып алынған. Осыншама ақшаны ойланбастан бере салған таныстарының «жо­марттығы» жас қыздардың жақын­дарын да ойландырмаған. «Барсаң бақыр да жоқ екенін» түсінгенімен, өзге елде барар жері, басар тауы жоқ қыздар қылмыстық топтың айтқанына көніп, айдауымен жү­руге мәжбүр болады. Оларды мәж­бүрлеп ұстаушылар қатаң кестемен жұмыс істеуге көнгісі келмегенді аяусыз жазалап, жертөледе аш-жалаңаш жатқызған. «Қорғансыздың күні» Ресейдегі қазақстандықтардың өмірі де қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бірақ бұл оқиға да өзге қандастарға ой сала қойған жоқ. Бес жыл бойы құлдықта болған Бостандық есімді бойжеткенге таныс ерлі-зайыптылар бір отба­сында бала күтуші жұмысы бар екенін айтып сендірген. Құжат­тарды рәсімдеп, пойызға билет те алып берген. Шекарадан асқан соң күндіз түгілі түнде ұйықтауына ты­йым салған үй иесі қызға қол жұм­сауды әдеттегі жұмысына ай­нал­дырады. Ең сұмдығы, қыз-жігіт­терді құлдыққа сатқандар да, жұ­мысқа жеккендер де өзге емес, өз еліміздің тумалары. Мысалы, осы істе құлдық құрсауына түскен ке­йіпкердің бірі – Несібелі Ибра­ги­мова. Оны өзге емес, күйеуі мен енесі сатып жіберген. «Бір күні енем «Біз Мәскеуге барамыз» деді. Алдымен күйеуім кетті. Әуежайда енем маған «Шаруаларым шығып қалды, өзің кете бер. Мен бір апта­дан кейін барамын. Сені сол жақта келінім күтіп алады» деді. Ол жақта өткізген сегіз ай нағыз тозаққа ай­налды», – деп еске алады Несібелі. Ресейге ақша табуға барып, алты жыл қорлық көрген шымкенттік әпкелі-сіңлілі Фатима мен Әлияны да Мәскеуге өзге емес, өз танысы жетектеп апарған. Адам көргісіз қорлық көрген қазақ қыздарын бөтен елде басыбайлы күңдікке ұстағандар да өзге емес, өз қаза­ғымыз. Жайлы жұмыс, жоғары жа­лақыға имандай сенген Жәнібек те азапты күндердің артта қалғанына әлі де сенбейді. 18 жасында өзді­гінен күн көріп, ата-анасына сал­мақ түсірмеуді ойлаған жігіт Мәс­кеуде көгерген нан жеп, күнелткен. Мәскеудегі танымал дүкеннің әпкелі-сіңлілі қожайындарының қарамағында жұмыс істегендер бостандыққа шықса да әлі күнге үреймен өмір сүріп келеді. Өйткені ағайынды әйелдердің үстінен қанша адам арыз жазғанымен, құл иеленушілердің ісіне тосқауыл қояр тиісті орындар табылмай тұр. Айталық, Грузияда өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған жерлесіміз Әсел Айтпаеваның оқиғасында да 500 доллар жалақы төлейтін жұмыс ұсынып, өзге елге алдап апарған. Табыс деп аттанып, торға түскендер

Сыртқы істер министрлігі ше­кара аспас бұрын шетелде жұмыс істеуге арналған құжаттар мен ке­лісімшарттарды мұқият зерделеуге шақырады. Ертегіге бергісіз өмірді аңсап барған қазақстандықтарға құқықтық көмек беріп жүрген заң­гер Айгүл Орынбек те осылай деп отыр. Заңгер жылына кем дегенде осындай жағдайға душар болған 3-4 адамға көмектесетінін жеткізді. Көбі Корея, Түркия, БАӘ елдеріне алданып, құлдықтың қамытын ки­гендер. «Шетелде құлдыққа са­тылғандардың дені жоғары жалақы іздеп барғандар. Көп қыз-жігіт сондай жағдайда интернет арқылы хабарласып «Күдіктеніп жатыр­мыз» деп хабарласады. Тығырықтан шығудың жолдарын айтып, ақыл-кеңес беремін. «Қарсы келмеңдер, өлтіріп қоюы мүмкін. Жергілікті жер бойынша геолокациясын жі­бер. Жан-жағыңды видеоға түсіріп ал» деп айтамын. Мына жақтан өзім де сол елдегі таныстарға жет­кіземін. Жақында ғана Кореяға кеткен бір қыз солай шықты. Бар­ған соң бір бөлмеге қамап қойған. Бірақ телефонын алып үлгермепті. Танитын қазақтарға шығып, олар дер кезінде құтқарып қалды. Түр­кияда да ондай жағдайлар көп бол­ды. Түркия арқылы Парсы шы­ғана-ғына құлдыққа кетіп бара жатқан қызды құтқарып қалдық. Жап-жас қызды Түркиядағы құр­бысы тігін фабрикасында жұмыс істейміз, айлығың 1 000 доллар бо­лады деп алдаған. Абырой бол­ғанда, Парсы шығанағына кеткелі тұрған жерінен Түркия полициясы құрықтады. Ол жерде бірнеше қыз болды. Қазақ қыздарын саудаға сал­ған сыныптас қызы, өзіміздің қаракөз қызымыз», – дейді заңгер. Бір апта бұрын Францияға жұ­мысқа кетіп, хабарсыз кеткен тағы бір баланың анасы ұлынан хат-хабарсыз қалғанын айтып көмек сұрапты.

Елімізде адам трафигіне қарсы тұру және адам саудасына қарсы күрес бойынша түрлі шара қабыл­данғанына қарамастан, жыл сайын құлдыққа түсетін ондаған мың адамның тек жүздегені ғана ҮЕҰ мен құқық қорғау органдарының қызметі арқасында бостандыққа қол жеткізеді екен. Сол жүздеген жәбірленушінің ішінен оны ғана сотқа жететін көрінеді. Себебі мұндай істерде тергеуге тым көп уақыт кетеді әрі кінәлілер тиісті жазаға тартылмайды. «Құлдықтан босап шыққан қыздар «Тұрмысқа шығуымыз керек, туыстардан ұят» деп өздері туралы желіде жазуды қаламайды. Мен де рұқсатсыз олар жайлы айта алмаймын. Ресейге барған қыздарды туған-туыстары апарған. Кейінгілердің көбінде агенттік арқылы кеткендер. Ал ондай агенттіктердің артынан іс қозғау өте қиын. Басы әдемі бас­талады, соңына келгенде сұйыты­лады. Өйткені оның ұшы шенеу­ніктерге келіп тіреледі. Сол үшін құлдықта болғандардың өзі арызды қайтарып алады, қысым жаса­лады», – дейді Айгүл Орынбек. Оның айтуынша, Кореяға кеткен­дердің 80 пайызы ер адамдар. Түркия мен БАӘ-ге қыздар көп барады. «Алғашқы байланысқа шық­қан кезде көмекке сол елдегі жергілікті қазақтарды тартамын. Ешқайсысы бетімді қайтармайды. Олардан көмек болмай жатқанда ғана құзырлы орындардан көмек сұраймын. Себебі құзырлы орын­дарға айтсаң, бюрократияға салы­нады. Өзінің ата-анасы арыз жаз­сын деп жүргенде құлдыққа түскен адамдарға көмектесе алмай қалуы­мыз мүмкін», – дейді заңгер.

Әлемдік қоғамдастықпен бір­лесіп құл саудасының жаңа әдіс-тәсілдеріне қарсы тұру үшін қа­жетті шаралар да қабылдануда. Құл иеленушілерге қарсы қарекеттің аз­дығы мен әліптің артын бақпай­тындар азаймай, өзге елде өксікпен өмірін өткізіп жүрген отандас­тар­дың мәселесі өзектілігін жой­май­тыны түсінікті.