Онлайн оқыту оздыра ма?
Онлайн оқыту оздыра ма?
1,367
оқылды
Елімізде онлайн мектептер мен колледждер көптеп ашылуы мүм­кін. Таяуда Оқу-ағарту министрлігі осыған байланысты норма заңды түр­де бекітілудің алдында тұрғанын мәлімдеді. Пандемия кезіндегі қашық­тан оқытудың бейнетінен кейін саладағы жауаптылар онлайн білім беруге қатты көңіл бөле бастағаны аңғарылады. Дегенмен он­лайн оқытуда білім сапасы төмендеп кетпей ме? Сарапшылар не ойлайды? Өзге елдердің ықпалын ығыстырады Ведомство бұл жайт бойынша алдағы уақытта үлкен талқылаулар болатынын хабарлады. Дегенмен осы мәселенің еліміз үшін тым күрделі екенін жасыра алмаймыз. Саны жайлы нақты деректер болмаса да, шетелдік, әсіресе ресейлік онлайн мек­тептер мен колледждерде білім алатын қазақстандық жасөспірімдер баршылық. Өз кезегінде идеология мен құндылық жағынан ұтылып жатқанымыз аян. Негізі, онлайн білім беру соңғы онжылдықта әлем елдері жатырқайтын дүние қатарынан емес. Министр Асхат Аймағамбетов мысал ретінде Ресейдегі Фоксфорд онлайн мек­тебін келтірген. 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін білім беріп, мемлекеттік үлгідегі аттестат ұсынатын мектептің оқыту бағ­дарламасына барлық пән қосылған. Білім беру ақылы негізде жүргізіледі. Сол сияқ­ты Ұлыбританияда да онлайн мектептер тіркеле алады. Мұнда мұғалімдер онлайн режимде сабақ береді. Тек химия пәні ғана зертханалық тәжірибе жасалғандықтан, онлайн режимінде өтпейді. Егер жақын аралықта Қазақстанда онлайн мектеп пен колледждер ашылса, одан қандай артық­шылық көреміз? Міне, осы сауал көпті толғандырады. Білім сарапшысы, Qadam School мектебінің негізін қалаушы Шә­кәрім Толыбайұлы онлайн мектептер ел­дегі білім беру саласының бір емес, бір­неше мәселесін шешетініне сенімді.
– Мұндай практика бар. Мысалы, білім беру саласында көптеген мәселеге тап боламыз. Кейбір ата-ана діни көз­қа­расына байланысты мектеп формасына келіспей, қыздарына орамал таққызады. Ал мектептер кіргізбей жатады. Сосын ол ата-аналар балаларын Ресейдің онлайн мектептеріне тіркейді. Балалардың ресей­лік онлайн мектептерден қандай білім алып жатқаны, бойына нендей құндылық сіңіретіні бізге беймәлім. Онлайн мек­теп­тер өзімізде болса көп нәрсеге есік ашы­лады. Отандық мамандар қызмет атқарып, бәсекелестік орта пайда болады, дамиды. Әрине, барлығы жүйелі, дұрыс жасалса. Әйтпесе, елде цифрлық білім беру дамы­мағаны мәлім. Екіншіден, Қазақстанда мектеп тапшы. Мемлекет ғимараттар со­ғып үлгере алмай жатыр. Аймақтарда мұ­ғалім жетіспейді. Осы проблеманы онлайн мектептер арқылы шешуге болар еді. Осы­лайша, балалар сапалы білімге қол жеткізе алады, – дейді маман.
Сарапшының сөзі негізсіз емес. Әйтсе де, саладағы мамандардың пікірі бір жер­ден шықпайды. Онлайн білім беруді ұрпақ болашағына тамырына балта шабудай көретіндер де бар. Соның бірі – «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төра­ғасы Мейіржан Темірбек. Сарапшының ойынша, жаңа әдіспен оқытудың түйткілді тұстары бар.
– Бір шындықты айтайық, қазір ата-ана мен мұғалімнің қатар бақылауымен балаларды әрең оқытып отырғанда онлайн мектептерге сенім аз. Бақылау болмаса, бала қалай қалыптасады? Рас, онлайн түрде де бақылауға болар, бірақ сену қиын. Кей университеттердің де онлайн оқыт­қанын көрдік. Маған мұның бәрі бұрынғы «сырттай оқудың» тонын айналдыру әдісі сияқты көрінеді. Онлайн білім беру кол­ледж студенттеріне сәйкес келуі мүмкін. Алайда техникалық жағынан қамтамасыз ету мен тәжірибе жағы қалай жүзеге аса­тыны белгісіз, – деді маман.
Осыған дейін елімізде онлайн білім беретін бірнеше платформа болды. Тиім­ділігі жайлы жар салғанымызбен, олардың да кемшілігі аз болған емес. Егер онлайн мектептер ашылатын болса, сол плат­фор­малардың қателігін қайталап жүрмейтініне сенім аз. Мамандар жаңа үрдісті бастау үшін жүйелі әрі сапалы жұмыс қажет боларын айтып отыр. Әйтпесе, онлайн оқытудың пайдасы шамалы болары анық. Оның үстіне, онлайн білім алатын балалар қоғамдық өмірден, өзгелер араласудан тысқары қалуы мүмкін. Бұл ойды да алға тартушылар көп. Өзімізде барлары оңдыртты ма? Қазақстанда BilimLand, Daryn.Online, Opiq және өзге онлайн оқу платформалары болғаны көпке белгілі. 2020 жылы елдегі балалар қашықтан білім алу процесіне өткенде отандық 8 онлайн платформа қолданыста болды. 2,6 млн оқушы қа­шықтан, қалған 800 мың бала дәстүрлі фор­матта оқыды. Сол кезде біраз дау бол­ғаны есте, мамандар білім сапасының төмендеп кеткенін айтып шырылдады. Бір қарағанда бәрі жақсы болғанымен, мақтауын асырған платформалардан жиі ақау шыға берді. Сол кезде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қаншама да­йын­дыққа қара­мастан, тиімсіз жұмыс істе­гендерін аңғарт­қан болатын. 2020 жылы оқудың алғашқы күні BilimLand онлайн платформалары қолданушылардың көптігінен істен шық­ты. Отандық плат­формаларға қарағанда шетелдік Whats­App, Telegram мессенджері, Zoom ви­деоконференциясы, Microsoft Teams, Google Classroom платформала­рының қолданысқа пайдасы көп тиді. Де­генмен Zoom арқылы оқу кезінде бай­ланысқа бөгде адамдар қосылып, ұятсыз бей­нелерін көрсетуінің де бірнеше дерегі тіркелді. Сайып келгенде, білім беруде отан­дық жүйе құрушылардың біліксіздігі ашылып қалды. Оқушылар мен ата-аналар аталған платформаларға қосыла алмады. Ал жауаптылар негізгі екі себепті әрең мойындағаны бар. Біріншіден, интернет сапасы төмен. Екіншіден, оқу­шылар плат­форманы қолдана білмепті. Әйтеуір, сын­нан сәл аман қалған Daryn.Online плат­формасы болды. Білім іздеген 2,7 млн-нан астам оқушы мен 200 мұғалім тіркеліп, күн сайын 700 мыңнан астам оқушы білім алған екен. Ауырлығы сол, осы платформа үшін күніне 60-тан астам арнайы бей­несабақтар түсірілген. Оқу­шыларға рес­публикалық физика-мате­матика және На­зарбаев зияткерлік мек­тептерінің, сон­дай-ақ орта мектептердің үздік мұға­лімдері сабақ берді. Дегенмен түгел ел аумағындағы оқушылардың жү­йеге қосылуға қолы жетпеді. онлайн Енді қараңыз, онлайн мектептер мен колледждер ашыла қалған күннің өзінде жоғарыда айтқанымыздай, мәселелер шыға берері сөзсіз. Әсіресе, интернеттің жайы белгілі. Цифрлық даму министрлігі биыл ел аумағы «99 пайыз интернетпен қамтылғанын» жариялап, айды аспанға шығарды. Қоғам арасында қарсылық туғаннан кейін ғана, ведомство өкілдері интернеттің сапасы әлсіз екенін мойын­даумен шектелді. Бұл проблема толықтай шешілмейінше, онлайн мектептер мен колледждер жайлы айту жөнсіз сияқты көрінеді. Қорыта айтқанда, орта білімге жа­уапты министрліктің бастамасы жөнсіз емес, ақылға қонымды тұсы жетерлік. Деген­мен бар қиындық инфрақұры­лым мен жү­йені құратын мамандардың бі­лікті­лі­гінде болып тұр. Сондықтан алда­ғы уа­қыт­та өтетін талқылауда сарапшы­лар атал­ған дүниелерді ескергенін жөн санаймыз.