Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай 21 ақпанда Ресейдің Түмен облысы Есіл қаласында қазақ тілін оқытатын сынып ашылады. Оған Түмен облыстық қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы бастама болды. Сондай-ақ Түмен облыстық үкіметі, жергілікті атқарушы органдар қолдау білдіріп отыр. Басты мақсат – балаларды ана тілінде сөйлеу, жазуға ғана үйретіп қоймай, қазақ халқының өткен мен бүгінін таныту, мәдени, рухани жаңалықтарынан хабардар ету. Түмен облыстық қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ибраевтың айтуынша, сынып Абай есімімен аталады. «Ресейдегі қазақтар үшін Абайдың әдеби мұрасы, шығармаларын насихаттаудың маңызы зор. Түмендік жастар үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, салт-дәстүрге қамқорлықпен қарау, төл мұрамызды насихаттауға ерекше көңіл бөледі. Абайдың ұлы – Әбдірахманның 1886-1889 жылдары Түмендегі Александровск училищесінде білім алғаны – біз үшін өте маңызды. Ол Түменге 18 жасында келген. Абай әлеміндегі Түменнің алар орнын дәлелдермен, мұрағат материалдарының ізімен, зерттеп – зерделеп, тексеріп жатырмыз», – деді Есенғали Ибраев. Төрағаның айтуынша, биыл Түмен облысындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының бастамасымен өтетін барлық мәдени-рухани іс-шаралар Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналады. «Ақынның мерейтойы – қазақ халқының төл мәдениетін сақтай отырып, жүйелі насихаттаудың бірден-бір тетігі. Атап айтқанда, Түмен облысында Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында қазақ мәдени күндері, Түмен облысы қазақтарының құрылтайы, қазақ шығармашылығына арналған «Жас ұрпақ» ІІ облыстық балалар байқауы өтеді. Ақынның қара сөздері, өлеңдері, аудармаларын кеңінен насихаттау үшін «Абай оқулары» ұйымдастырылады. Биыл 21 ақпанда Халықаралық ана тілі күнінде Абайдың 175 жылдық мерейтойының құрметіне орай Түмен облысының Есіл қаласында қазақ тілін оқытатын Абай атындағы сыныпты ашамыз», – деді Есенғали Ибраев. Мәдени-танымдық іс-шараларда Абай мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеуге басымдық беріледі. Майра БАҚЫТ