Жемқорлық мәселесі талқыланды
Жемқорлық мәселесі талқыланды
262
оқылды
Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Күн тәртібінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жағдайы және партияның «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын» орындау барысы қаралды. Жиынды ашқан Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық  кеңестің төрағасы Ерлан Саиров: жемқорлық
– «AMANAT» партиясы жанынан құрылған коррупцияға қарсы іс-қимыл Кеңесінің басты миссиясы – коррупцияның алдын ала отырып, еліміздің қарышты экономикалық-әлеуметтік өрлеуіне кері әсер ететін мемлекеттік органдардың немқұрайлылығы, селқостығы, ұқыпсыздығы тенденцияларына балта шабу. Мемлекеттің көптеген игі бастамасы мен қадамдары кейде шенеуніктердің селқостығы мен ұқыпсыздығы кесірінен деформацияға ұшырап, халық арасында үкіметке деген сенімге сызат түсіретін кездер бар, – дей келе, осы Кеңесті әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешу және сенімді қарым-қатынас орнату мақсатында пайдалану керектігін жеткізді.
Кеңес мүшесі Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, бүгінде партияның алдында тұрған басты міндет – халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау және осы тұрғыда бірінші кезекте жемқорлықты тізгіндеу қажет. жемқорлық
– Қазір Жаңа Қазақстанда халықтың болашаққа сенімі мен үміті айқын аңғарылады. Сондай-ақ қоғам әлеуметтік әділетке мұқтаж. Алайда жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіретін үлкен проблема жемқорлық болып отыр, – деді ол өз сөзінде.
Аталмыш мәселені шешу үшін жұмыс тобы айтарлықтар құқықбұзушылық фактілері тіркелген Шымкент қаласы мен Түркістан облысына тексеріске барған. Шымкентте 2019-2021 жылдары 266 қылмыс жасалса, соның 214-і жемқорлыққа, оның ішінде 154-і пара алуға қатысты. Жалпы шығын 4 миллиард теңгені құраған. Ал Түркістан облысында бұл кезеңде 284 жемқорлық қылмыс фактісі анықталған. Осы уақыттағы жемқорлық фактілерінің көп бөлігі облыс және аудан деңгейіндегі басшылардың бюджет қаражатын игеруі, мемлекеттік функцияларды жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдары арқылы жүзеге асыруы кезінде жасалған. Мұнымен қоса Кеңес мүшелері Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылы тұрғынының ауылдық округ аумағында алтын өндіруші зауыт құрылысын салдырмау туралы өтінішін талқылады. Ақырында Кеңес мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы ауылдық округке барып, проблеманы тексеріп қайтуды шешті.
– Біздің кеңес үшін болмашы, жанама проблемалар жоқ. Біз әрқашан селқостықпен және қағазбастылықпен күресеміз. Әркез өзекті тақырыптарды көтереміз. Мен сіздерді бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, сонда ғана қоғамымыздағы теңсіздіктен туындайтын терең проблемаларды шеше аламыз, – деп қорытындылады жиынды Ерлан Саиров.

Азат ҚАЗАҚ