Алты тілге аударылған антология
Алты тілге аударылған антология
312
оқылды
Алматыдағы «Достық үйінде» «Жаһандағы заманауи қазақ­стандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне ауда­рылған қазақ әдебиеті антологияларының таныстыры­лы­мы өтті. Бұл жоба Тұңғыш Президент – Елбасы Н.На­зар­баевтың бас­тамасымен жүзеге асып жат­қан «Руха­ни жаңғыру» бағдар­ла­масы бағыттарының бірі. Тұтастай ал­ған­да, ол тәуел­сіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мә­дениетін, музы­касы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр сала­сындағы жетістіктерін әлемге таны­туды мақсат тұтады. Жиынға шығармалары әлем тілдеріне аударылған авторлар мен аудармашылар, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жа­ң­ғыру» бағдарламасын іске асы­ру жөніндегі Ұлттық комис­сия­­ның төрағасы Қырымбек Кө­шербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Мә­де­­ниет және спорт министрі Ақ­то­ты Райымқұлова қатысты. Бас­қосуда аударма жұмысы қоры­­тын­дыланып, авторларға алты тіл­де жарық көрген шығарма­ла­ры­ның жинақтары тапсырылды.
Мемлекеттік хатшы Қырым­бек Көшербаев қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тілі­не аудару және оны осындай кең көлемде тарату – бұрын-соң­ды біздің тарихымызда болма­ға­нын айтты. «Бұл жобаны ұйым­­дастыру және үйлестіру жү­йе­сі де бұрынғыдан өзгеше бол­­ды. Ондағы басты мақсат – көр­кем аударманың жоғары сапа­сын қамтамасыз ету. Ол үшін ең алды­мен, жобаны жүзеге асы­руға 6 ел­дегі көркем аударма сала­сын­да тәжірибесі мол, беделді деген баспалар таңдалды. 60 автордың үз­дік туындылары енген ан­то­ло­гиялар дүниежүзінің 5 құр­лы­ғындағы 93 мемлекеттің ірі кі­тап­ханалары, іргелі оқу орын­дары, мәдениет пен әде­биет­ке ма­­манданған ғылыми орта­лық­­та­рына таратылады», – деді Қы­рым­бек Елеуұлы.
Қазақ әдебиеті жинақтарының ағылшын тіліндегі нұсқасын Кем­бридж университетінің баспа­сы, араб тіліндегі басылымын Мы­­сырдың Ұлттық білім және мәдениет орталығы, испан тілін­де­гі жинақтарды Сервантес инс­­титуты, орыс тіліндегі анто­ло­гияларды М.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­сите­тінің баспа үйі, қытай ті­лін­де­гі жинақтарды Бейжіңдегі ұлт­тар бас­пасы, француз тіліндегі ба­сы­лымды Париждің мәдени бір­лес­тігі дайындады. Аталған се­рік­тес ұйымдар аударма, басып шы­ғару, тарату-насихаттау жұ­мыс­­тарына 300-ге жуық маман жұ­мыл­дырды. Жоба аясында аударма ерек­ше­лігін талқылап, өзара әңгімелесу үшін шетелдік аудармашылар мен баспагерлердің қазақстандық автор­лармен кездесуі өткізілді. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатуға әрі оның көркемдік сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Әр антологияның таралымы – 10 мың дана. Жалпы саны 120 мың жинақ әлемдегі 23 мың­­нан аса ірі кітапхана, оқу орын­да­ры мен ғылыми орталық­тар­ға жет­­кізілді. Оның ішінде ағыл­шын тілді басылымдар ағыл­шын тілі ресми мәртебеге ие 18 мем­лекетке, араб тіліндегі жи­­­нақтар осы тілде сөйлейтін Таяу Шы­ғыс пен Африкадағы 22 мем­лекетке, испан тіліндегі ба­сылымдар Испаниямен қатар Ла­тын Америкасының 20 еліне, Қытай тіліндегі басылымдар 1,5 миллиард халқы бар елдің бар­лық аймағына, орыс тіліндегі жи­нақтар орыс тілін білетін 14 мем­лекетке, француз тіліндегі тара­лым Еуропа мен Африканың 17 еліне таралды. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің анто­логиялары ірі кітапхана қор­лары мен ондағы ерекше кітап­тар­ды есепке алатын WorldCat деп аталатын халықаралық биб­лио­­графиялық жүйеге енді. Ан­то­­логияларды алған елдер мен ұйым­дардан 100-ден аса алғысхат келді. Мәселен, Франция прези­денті Эммануэль Макрон, Ұлы­бри­тания білім министрі Гэвин Уильямсон алғысхатын жолдады. Жоба Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің тап­сырысы бойынша «Ұлттық ау­дарма бюросы» қоғамдық қоры­ның үйлестіруімен жүзеге асты.   Әлихан ИСМАН