«Табысқа апарар жол» NIS-тен басталады
«Табысқа апарар жол» NIS-тен басталады
1,477
оқылды
   «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өтті. – Технология мен экономиканың қарқынды дамуы білім саласына қуатты серпін береді.  Бүгін мұғалімдердің заман талабына сай болуы бұрынғыдан да маңызды.  Мұғалім – қашан да сұранысқа ие мамандық, сондықтан оның даму траекториясы жеке, бірақ әрқашан әлемдік білім беру тенденцияларына сай болуы керек. Осыған орай  республикалық форум жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған NIS-тің  ауқымды жобасы жалғасын тапты. Сөйтіп, елордада, Өскеменде, Қарағандыда, Алматыда, Павлодарда, Қостанайда бірқатар кейс-сессиялар өтті, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.  width= TEDTalk форумында өз кәсібінде табысқа жеткен беделді қазақстандықтар сөз сөйлеп, жас ұстаздармен ой  бөлісті. – Әкемнің ұлттық валютаны алғаш рет үйге әкелгені есімде, біз тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосуды армандадық. Шүкір, бұған да жеттік. Бүгінде елімізде жастардың табысты болуына барлық жағдай жасалған. Диплом бойынша мұғалім емеспін, алайда білім беру жүйесінде жұмыс істеу – менің өмірлік таңдауым. Мұғалім әрбір адам үшін ата-анадан кейін өте маңызды тұлға, ал мектеп – әр елдегі ең маңызды институт, – дейді   WikiBilim  қоғамдық қорының негізін қалаушы, Bilim Media Group электронды білім беру компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы. Екі күн шығармашылық талпынысқа, жаңа таныстыққа, кәсіби жаңалықтарға, өршіл жобаларға, шабыттандыратын тренингтер мен шеберлік сағатқа толы болды. Сонымен қатар   форум қатысушыларымен «галстуксыз кездесуге» Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» Дамыту қорының директоры, «SHARE орта білім берудегі ғылым» жобасының жетекшісі Назипа Аюбаева,  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова қатысты. Дамир Сұлтанов, Гүлдана Бұхарбаева, Темірбек Сағындықов секілді білікті ұстаздар жеке шеберлік сабақтар өткізді. Олардың арасында аймақтардан келген қостанайлық Ботагөз Мақатова, қарағандылық Олег Тё мен Ержан Акижанов,  өскемендік Алена Рахимова жас мамандармен тәжірибесімен бөлісті. NIS Форумның жабылу салтанатында ақтаулық Сымбат Амалова, Ақтөбе облысы Темір ауданынан Әйгерім Болатбекқызы, жамбылдық жас маман Шолпан Ақшалова, Қостанайдың Рудный қаласынан келген Гүлдана Бұхарбаева және Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының ұстазы Мағжан Жұмабай жиынның басты кейіпкерлеріне айналды. Олар Instagram-да үздік пост жазып, тақырыптық конкурстың жеңімпаздары атанды. Күләш Ноғатайқызы оларға  Lesson Study box  әдістемелік материалдар мен ресурстар кешенін табыстады. Форум ұйымдастырушылары – отандық мұғалімдердің кәсіби дамуын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан Педагогикалық шеберлік орталығының табысты командасы сахнаға шығып, жас мамандардың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. – Жас мұғалімдер – әр мектептің стратегиялық ресурсы, бүгінгі білім саласына жаңа идеялар мен жаңа шешімдер әкелетін де солар.  Олардың жаңа білімге ашық, оқуға дайын екеніне қуаныштымын», – деді Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Қабдыкәрімова. Орталық online.cpm.kz платформасында жұмыс істейтін «Жас мұғалім мектебі» ашық онлайн курсын әзірлеп, дайындады.   Еліміздің әр өңірінде Педагогикалық шеберлік орталығы «Жасампаз жас ұстаз» жас мұғалімдер клубтарын құрып, кәсіби алаңға айналды.  «Шамшырақ» онлайн платформасы негізінен ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялай бастады. Бүгінде «Табысқа апарар жол» бірінші форумы тарих бетіне жазылды, педагогтердің кәсіби дамуы мен байланысы үшін бірегей платформа құрылды. Енді еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастырады.