Биыл көмір бағасы қанша болады?
Биыл көмір бағасы қанша болады?
371
оқылды
Биыл бір тонна көмірдің бағасы 9-14 мың теңге аралығында болады. Бұл туралы ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Операторларда бағаның өзгеруі бойынша күрт өзгерістер күтілмейді. Ол сол шекті шамасында. Баға инфляцияның белгілі бір үлесін ескере отырып өсуі мүмкін. Бірақ күрт өсім күтілмейді. Аймақтарға байланысты көмір бағасы 9 мың теңгеден басталып, 14 мың теңгеге дейін барады», – деді Ілияс Оспанов.
Брифинг барысында журналист Түркістан облысында былтыр бір тонна көмір 40-45 мың теңгеден сатылғанын айтты.
«Түркістанда көмірдің бағасы 14 мың теңгеден аспауға тиіс. Одан қымбат болса айтыңыздар. 45 мың теңге деген масқара ғой», – деді министрлік өкілі.
Сондай-ақ ол көмірді алдын ала сатып алу қажеттігін айтты.
«Бағаны біз ұстап тұрмыз. Барлығы реттеліп отыр. Алайда ортада араласып отырған делдалдар бар. Ешкімге өз қызметі үшін көбірек ақша табуға тыйым сала алмайсың. Барлығымыз бірігіп жасай алатын жалғыз нәрсе, бұл – ұйымдастыру. Біз алдын ала көмірді жеткіземіз, соны алдын ала сатып алу керек. Көмірдің жеткілікті қорын дайындауға 1-3 апта жеткілікті», – деді комитет төрағасы.
Спикер елдегі коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмірдің негізгі өндірушілері Қарағанды облысындағы «Шұбаркөл көмір», Абай облысындағы «Қаражыра» және Павлодар облысындағы «Майкөбен-Вест» екенін мәлімдеді. 2021 жылдың 7 айында халық пен бюджеттік ұйымдар үшін 4,5 млн тонна көмір тиелген.