Жоқ пәтерді жалға берумен айналысқан алматылық алаяқ ұсталды

Жоқ пәтерді жалға берумен айналысқан алматылық алаяқ ұсталды

Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берумен айналысқан 48 жастағы ер адам ұсталды. Алматы қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатовтың хабарлауынша, алаяқ бүгінге дейін 9 азаматты алдап үлгерген.

«А. есімді азамат Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берген. Алаяқтық фактісі туралы шаһардың бірнеше тұрғыны полицияға хабарласқаннан кейін белгілі болды. Барлығының оқиғасы бірдей. Пәтер жалдауға тырысқан олар танымал интернет-сервистен хабарландыруларды іздеп тауып, нарықтағы бағадан төмен баға ұсынған адамға телефон соғады. «Үй иесі» клиенттердің көптігін алға тартып, пәтерді бірінші болып ақша төлеген адамға беретінін айтып алдап соққан. Күдікті ақшаны алғаннан кейін бірден байланысқа шығуын тоқтатып, ұялы телефон нөмірін ауыстырып отырған», – дейді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Аталған жағдай бойынша Алмалы аудандық Полиция басқармасында алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу барысында оның осыған ұқсас 9 оқиғаға қатысы бар екені  анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы - 530 мың теңге. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қосымша тергеу жүргізіліп жатыр.