Қарағандыда қыркүйекте күзгі аң аулау маусымы басталады
Қарағандыда қыркүйекте күзгі аң аулау маусымы басталады
Қарағанды облысының бекітілген аңшылық алқаптарында жабайы аңдарды аулаудың күзгі маусымы 3 қыркүйектен басталады. Мамандар қандай жануарды қай кезеңде аулауға болатынын түсіндірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан мәлім еткендей, қыркүйектің бірінші сенбісі, яғни 3-інен бастап 15 желтоқсанға дейін қаз, үйрек пен қасқалдақты аулауға болады. Ал, шілді 30 қарашаға дейін, қабанды 31 желтоқсанға дейін аулауға рұқсат. Қара торғайды 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейін аулауға болады. Борсықты 1 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін оңтүстік аймақ бойынша, 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін солтүстік аймақ бойынша аулауға рұқсат беріледі. Қоян (ақ қоян, қоңыр қоян), қарсақ пен түлкіні аулауға 1 қарашадан 15 ақпанға дейін шығуға болады. Айта кетсек, суырды аулау мерзімі 5 маусымнан бастап оңтүстік аймақта жайғасқанға дейін, 15 маусымнан бастап солтүстік аймақта жайғасқанға дейін белгіленген.