Дизель үшін дүрлігу орынсыз
Дизель үшін дүрлігу орынсыз
«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграр­лық сектор жөніндегі республикалық кеңестің отырысында Энер­гетика министрі Болат Ақшолақов жанар-жағармай нарығындағы жағ­дайға қатысты пікір білдіріп, елдегі дизель отыны жеткілікті екенін айтты. Сондай-ақ мұнайдың экспорттық бағыттары және «қара алтын­ның» әлемде бағасы қандай болары туралы бірқатар өзекті сұраққа жауап берді.
– Бізде бар отын қорына қарамас­тан, еліміздің кей өңірлеріндегі жа­нар­май құю стансаларында дизель жетіс­пеу­шілігі туындап отыр. Биылғы 24 та­­мыздағы жағдай бойынша дизельдің жиын­тық қоры 212,4 мың тоннаны құрай­ды, – деді министр.
Министр дизельдің қордағы көлемі 13 күнге жететінін айтты. Бұл – төтенше жағ­дай туындағанда түсіруге болатын қор. Жалпы, барлық мұнай өңдеу зауыт­тары қазір штаттық режимде жұ­мыс істеп тұр.
– Шілдеде шамамен 380 мың тонна ди­зель отыны өндірілді, тамызда 491 мың тонна өндіруді жоспарлап отыр­мыз, тамыз айының соңында шамамен 288 мың тонна болады деп күтілген. Тұтыну көлемі 514 мың тонна болады деп болжасақ, дизель отынының жалпы кө­лемі шамамен 797 мың тонна болмақ. Осы­лайша, қазіргі өндіріс негізгі жа­нар-жағармай түрлерін, соның ішінде ди­зель отынын ішкі тұтынуды то­лы­­ғымен жабады, – деді Болат Ақшолақов.
7 ай ішінде дизель өндірісі 3 млн тон­надан асқан, бұл былтырғы сәйкес ке­зеңмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Жыл сайын күзде дизель отынын тұ­тыну көлемі артады, бұл бірінші ке­зек­те Қазақстан арқылы тауар та­сы­малдайтын транзиттік авто­мо­би­ль­дердің көбеюіне, екіншіден, фермер­лердің дизельді ауыл шаруашылығы жұ­мыстарына көптеп тұтынуына бай­ла­нысты. Сонымен қатар көрші ел­дермен бағаның айырмашылығы да ықпал етеді: егер Қазақстан Рес­пуб­ли­касында лимиттелген отынның литрі 230-260 теңге, ал көршілерде 420-450 тең­ге тұрса, Қазақстаннан отын тасып шы­ғарылады.
– Транзиттік көліктердің қазақ­стан­дық арзан дизель отынын тұтынуын қысқарту үшін Энергетика министр-лігі Бә­секелестікті қорғау және дамыту агент­тігімен бірлесіп 22 тамызда бұй­рық қабылдады, оған сәйкес дизель оты­нына шекті баға 450 теңгені құрай­ды, бұл ретте азамат қазақстандық жүр­гізуші куәлігі мен техпаспортын көр­сету арқылы өңіріне байланысты лит­рін 230-260 теңгеден ала алады. Же­ке автокөліктері бар жеке тұлғалар үшін мұндай баға бойынша лимит – күніне 100 литр, жүк көлігі үшін – тәулігіне 300 литр, – деп атап өтті министр.

А.ҚАЗАҚ