«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор жөніндегі республикалық кеңестің отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов жанар-жағармай нарығындағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, елдегі дизель отыны жеткілікті екенін айтты. Сондай-ақ мұнайдың экспорттық бағыттары және «қара алтынның» әлемде бағасы қандай болары туралы бірқатар өзекті сұраққа жауап берді.
– Бізде бар отын қорына қарамастан, еліміздің кей өңірлеріндегі жанармай құю стансаларында дизель жетіспеушілігі туындап отыр. Биылғы 24 тамыздағы жағдай бойынша дизельдің жиынтық қоры 212,4 мың тоннаны құрайды, – деді министр.Министр дизельдің қордағы көлемі 13 күнге жететінін айтты. Бұл – төтенше жағдай туындағанда түсіруге болатын қор. Жалпы, барлық мұнай өңдеу зауыттары қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
– Шілдеде шамамен 380 мың тонна дизель отыны өндірілді, тамызда 491 мың тонна өндіруді жоспарлап отырмыз, тамыз айының соңында шамамен 288 мың тонна болады деп күтілген. Тұтыну көлемі 514 мың тонна болады деп болжасақ, дизель отынының жалпы көлемі шамамен 797 мың тонна болмақ. Осылайша, қазіргі өндіріс негізгі жанар-жағармай түрлерін, соның ішінде дизель отынын ішкі тұтынуды толығымен жабады, – деді Болат Ақшолақов.7 ай ішінде дизель өндірісі 3 млн тоннадан асқан, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Жыл сайын күзде дизель отынын тұтыну көлемі артады, бұл бірінші кезекте Қазақстан арқылы тауар тасымалдайтын транзиттік автомобильдердің көбеюіне, екіншіден, фермерлердің дизельді ауыл шаруашылығы жұмыстарына көптеп тұтынуына байланысты. Сонымен қатар көрші елдермен бағаның айырмашылығы да ықпал етеді: егер Қазақстан Республикасында лимиттелген отынның литрі 230-260 теңге, ал көршілерде 420-450 теңге тұрса, Қазақстаннан отын тасып шығарылады.
– Транзиттік көліктердің қазақстандық арзан дизель отынын тұтынуын қысқарту үшін Энергетика министр-лігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп 22 тамызда бұйрық қабылдады, оған сәйкес дизель отынына шекті баға 450 теңгені құрайды, бұл ретте азамат қазақстандық жүргізуші куәлігі мен техпаспортын көрсету арқылы өңіріне байланысты литрін 230-260 теңгеден ала алады. Жеке автокөліктері бар жеке тұлғалар үшін мұндай баға бойынша лимит – күніне 100 литр, жүк көлігі үшін – тәулігіне 300 литр, – деп атап өтті министр.
А.ҚАЗАҚ