Мұнай тасымалдауда мәселе жоқ

Мұнай тасымалдауда мәселе жоқ

«ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев ұлттық компанияда Каспий құбыр консорциумындағы жағдайға байланысты мұнай жөнелту бойынша проблема жоқ екенін мәлімдеді.

«Өздеріңіз де білесіздер, қазір Каспий құбыр консорциумындағы екі ВПУ-да жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр, үшінші құрылғы қалыпты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар ҚМГ-да қазір мұнайды тасымалдауда ешқандай проблема жоқ. Тасымалдау қуаттары біздің қазіргі деңгейге сәйкес келеді, өндіріс көлемін қанағаттандырады», – деді Д.Қарабаев.
Бұл ретте ол ҚМГ мұнай экспортының ықтимал баламалы бағыттарының әртүрлі нұсқасын зерттеп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ҚМГ-ның ірі жобалардағы үлесін ескере отырып, мұнай өндіру алты айда 10,7 миллион тон­на болған, бұл былтырғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 0,3 пайызға артық. Сондай-ақ Д.Қарабаев ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі 0,8 пайызға өсіп, 4,1 миллиард текше метрге жеткенін айтты.

 М.ХАҚНАЗАР