Сенатор мектепке кітап сыйлады
Сенатор мектепке кітап сыйлады
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Түркістан облысы Сауран ауданы Абдолла Үсенов атындағы орта мек­­теп ұжымымен кездесті. Сенатор білім беру ме­ке­ме­сінің жаңа оқу жылының алдындағы жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында педагогтардың еңбек жағдайын жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Бұл саладағы қадамдар мұғалімдерді өзге жұмыстар мен тексерулерден босатып, материалдық ынталандыруға бағытталған. Қазіргі таңда еліміздегі барлық мектептер оқу­шы­лар­дың функционалдық сауат­тылы­ғын дамытуға бағытталған жаңартылған мазмұн бойынша жұмыс істейді. Осы орай­да, сенатор PISA нәтижелерінде ауылдық және қалалық мектептердің, сондай-ақ өңір­лер арасында білім сапа­сын­да алшақтық бар екенін атап көрсетті. Абдолла Үсенов атындағы орта мектеп директоры Сәуле Мыңжасарова жаңа оқу жылына әзірлік барысы туралы баяндап берді. Мектепте 800-ге тарта оқушы оқиды. Сенат депутаты өзінің жеке кітапханасы қорынан 100 кітапты мектеп кітапханасына тарту етті.
«Еліміздің азаматтары қазіргі заманға сай білімді, мәдениетті, өнерлі болуы қажет. Ол үшін терең білім, ғылым жаңалықтарын, өткен тарихымызды, өнері­мізді білу үшін кітапты көп оқу керек. Кітап – адам өмірінде маңызды рөл ат­қарады. Ол елді, жерді сүюге, талапты, кі­шіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімді­лікке баулиды. Жаман әдеттерден аулақ болуға үйретеді. Жас ұрпақтың санасында туған хал­қына деген құрмет пен мақтаныш сезім ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт дәстүрін аялай, ардақтай білуге тәрбиелеу кітаптың еншісінде», – деді Нұртөре Жүсіп.