Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Түркістан облысы Сауран ауданы Абдолла Үсенов атындағы орта мектеп ұжымымен кездесті. Сенатор білім беру мекемесінің жаңа оқу жылының алдындағы жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында педагогтардың еңбек жағдайын жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Бұл саладағы қадамдар мұғалімдерді өзге жұмыстар мен тексерулерден босатып, материалдық ынталандыруға бағытталған. Қазіргі таңда еліміздегі барлық мектептер оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған жаңартылған мазмұн бойынша жұмыс істейді. Осы орайда, сенатор PISA нәтижелерінде ауылдық және қалалық мектептердің, сондай-ақ өңірлер арасында білім сапасында алшақтық бар екенін атап көрсетті. Абдолла Үсенов атындағы орта мектеп директоры Сәуле Мыңжасарова жаңа оқу жылына әзірлік барысы туралы баяндап берді. Мектепте 800-ге тарта оқушы оқиды. Сенат депутаты өзінің жеке кітапханасы қорынан 100 кітапты мектеп кітапханасына тарту етті.
«Еліміздің азаматтары қазіргі заманға сай білімді, мәдениетті, өнерлі болуы қажет. Ол үшін терең білім, ғылым жаңалықтарын, өткен тарихымызды, өнерімізді білу үшін кітапты көп оқу керек. Кітап – адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Ол елді, жерді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімділікке баулиды. Жаман әдеттерден аулақ болуға үйретеді. Жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезім ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт дәстүрін аялай, ардақтай білуге тәрбиелеу кітаптың еншісінде», – деді Нұртөре Жүсіп.