Әскерилер үздіктер қатарында
Әскерилер үздіктер қатарында
Қазақстандық әскери қыз­метшілер Арменияның Дилижан полигонында өтіп жатқан Халықаралық армия ойындары аясындағы «Бей­бітшілік жауынгері» зият­кер­лік-кәсіби сайысында І орын олжалады. Аға сержанттар Дархан Аслан, Бектөре Назашов, Тұрар Тілегенов және қатардағы жауынгер Назира Әлбосыновадан тұратын команда Армения, Беларусь және Ресей елінен қатысқан қарсыластарын басып озды. Қазақстандық әскери қызметшілер ерлер арасындағы әскери-қолданбалы пәндер жарысында да үздік шықты. Қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова әскери-медициналық жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, атыс даяр­­лығының жаттығуларын сәт­ті орындады. Осылайша, жекелеген сайыстарды жеңіспен қорытындылаған қазақстандық әскерилер жеңіс тұғырынан көрінді. Жалпыкомандалық есепте екінші орынды Ресей әскери қызметшілері еншілеп, Беларусь елінің өкілдері үздік үштікке енді. Сондай-ақ Әзербайжан Рес­публикасындағы әскери теңізшілердің «Теңіз кубогі» байқауы сайыстарының да қорытындысы шықты. Мұнда барлық кезеңнің қорытындысы бойынша қазақстандық команда ІІІ орында тұр. Кабардино-Балкарияда өтіп жатқан «Эльбрус шеңбері» байқауында қазақстандық әскери қызметшілер жаттығуларды орындаудан Ресей мен Өзбекстан жауынгерлерінен сәл артта қалып, ІІІ орынға тұрақтады. Байқау нәтижелері командалар арасындағы соңғы жарыс – Эльбрус шыңына шығудан соң анықталмақ. Бұған дейін Қазақстан әскерилері «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Меридиан» және «Тактикалық мерген» байқауларында жеңіске жеткен еді.

Кербез ЕСІМХАН