Қазақстандық әскери қызметшілер Арменияның Дилижан полигонында өтіп жатқан Халықаралық армия ойындары аясындағы «Бейбітшілік жауынгері» зияткерлік-кәсіби сайысында І орын олжалады. Аға сержанттар Дархан Аслан, Бектөре Назашов, Тұрар Тілегенов және қатардағы жауынгер Назира Әлбосыновадан тұратын команда Армения, Беларусь және Ресей елінен қатысқан қарсыластарын басып озды. Қазақстандық әскери қызметшілер ерлер арасындағы әскери-қолданбалы пәндер жарысында да үздік шықты. Қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова әскери-медициналық жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, атыс даярлығының жаттығуларын сәтті орындады. Осылайша, жекелеген сайыстарды жеңіспен қорытындылаған қазақстандық әскерилер жеңіс тұғырынан көрінді. Жалпыкомандалық есепте екінші орынды Ресей әскери қызметшілері еншілеп, Беларусь елінің өкілдері үздік үштікке енді. Сондай-ақ Әзербайжан Республикасындағы әскери теңізшілердің «Теңіз кубогі» байқауы сайыстарының да қорытындысы шықты. Мұнда барлық кезеңнің қорытындысы бойынша қазақстандық команда ІІІ орында тұр. Кабардино-Балкарияда өтіп жатқан «Эльбрус шеңбері» байқауында қазақстандық әскери қызметшілер жаттығуларды орындаудан Ресей мен Өзбекстан жауынгерлерінен сәл артта қалып, ІІІ орынға тұрақтады. Байқау нәтижелері командалар арасындағы соңғы жарыс – Эльбрус шыңына шығудан соң анықталмақ. Бұған дейін Қазақстан әскерилері «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Меридиан» және «Тактикалық мерген» байқауларында жеңіске жеткен еді.
Кербез ЕСІМХАН