Бакуде кездескен бауырлар
Бакуде кездескен бауырлар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапарын бауырлас жұрт көп күткендей көрін­ді. Әйтеуір, Әзербайжан медиасы да, бұқарасы да бұл сапарға тәуір даярланғаны бай­қалды. Президенттер болса жаһандағы геосаяи ахуал сан құбылып тұрған қазіргі кезде «сөзіміз бір жерден шықсын» дейтін ұстанымды ту еткен сияқты. Ал мұндай ұстанымнан әрісі күллі түркі әлемі, берісі Қазақстан мен Әзербайжан ұтады. Кейде біз дипломатия, саясат дейтін ілімдердің ұңғыл-шұңғылы көп болатынын, елдің сыртқы саясаты «екі шоқып, бір қарауды» қажет ететінін аң­ғар­май да қалатынымыз бар. Содан ғой, басшымызды кімнің күтіп алғанын, оған көрсетілген құрмет қандай болғанын талқылауға әзір тұрамыз. Кейде өзге жұртқа өкпелейміз, кейде Президентке көрсетілген құрметке қуанамыз. Сочиде Тоқаевты вице-губернатор күтіп алға­нына күйінсек, Бакуде вице-премьер қарсы алға­нына разы болдық. Ара-тұра «Президент бәлен елге неге бармады?» дейтін сауалды көлденең тартып, «бә­лен жұртпен одақтасуымыз керек» дейтініміз бар. Баладай халықпыз ғой негізі. Ал мемлекет саясатының жан-жақты ойластырылған, жүйелі болмағы керек. Тіпті, стрататегиялық серіктес, мықты әріптес сана­латын елдердің басшылары да бір-біріне ұзақ уақыт сапар жасамауы мүмкін. Өйткені мәселе барыс-келісте емес, қарым-қатынастың тұрақты, кедергісіз болуын­да. Бәлкім содан да шығар, өте өзекті та­қырыптар болмаса Президенттер араласа бермейді, ондай шаруаларды миинистрлер, дипломаттар шешсе керек. Ал тілеулестіктің жөні бөлек. Әзербайжан жұрты да қазаққа ұдайы тілеулес. Біз тілдескен әзербайжан әріптестердің Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуге сапарын көп күткенін айтатыны сол тілеулестіктің белгісі болса керек. Бәлкім 2020 жы­лы Қарабақта жан алысып, жан берісіп жатқанда Әзербайжанның аумақтық тұтастығын жақтаған Қазақстан басшысын бауырлас халық­тың Баку төрінен көргісі келгені қазаққа деген құрметі шығар, бәлкім «тәуелсіз түркі елдерінің бәріне бар­ғанда, бізге неге келмейді?» деген базына ма, кім білсін?! Ұрымтал сәтте ұтылмауды көздейді Негізі осы жолы Қ.Тоқаевтың сапары тәуелсіз түркі мемлекеттерін түгендегенмен бірдей еді. Президент бұдан бұрын Ташкент, Ашхабад, Бішкек пен Анкараға мемлекеттік және ресми сапармен барған. Ал осы жолы өзі айтқандай, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде тұңғыш рет Әзербайжанға сапар жасады. Қос тараптың да сапарға тыңғылықты даярлануының сыры осында болса керек. Бірақ сапардан бұрын да екі елдің көптеген ұстанымдары алдын ала үйлестірілген еді. Әсіресе сауда-экономикалық қатынастар, кө­лік-логистика салаларында көптеген бағыттар пысықталған болатын. Біздің пайымдауымызша, бұрын да тәп-тәуір болған екі жақты қатынас­тар Украина мен Ресей арасы шиеленіскен соң Қазақстан Президенті Каспийдің арғы жағасында бауыр жұрттың басшысымен кейбір мәселелерді пысықтап алуды көздеген сыңайлы. Шамасы Қ.Тоқаев Қазақстанның ең ірі стратегиялық се­ріктесі батыс мемлекеттерінің санкциясына ұшыраған соң әлемге ашылатын өзге «терезелерді» кеңейтуге көңіл бөлгенге ұқсайды. Каспий ба­ғы­ты да сондай «терезелердің» бірі еді. Ал бұл бағытта Әзербайжанмен қарым-қатынас жоғары деңгейде болмайынша қандайда да бір табысқа жету оңай емес. Тіпті, Әзербайжанды айтпағанның өзінде Қ.Тоқаев ұстан­ған сыртқы саясат шынымен де көп­векторлы болып тұр. Бұрын бұл ұғымды декларативті сипаттау көп­теу болған сыңайлы. Оны енді аңғарып жатырмыз. Екіншіден, мұндай сапарлардың түрлі қауіп-қатердің алдын алуға да азды-көпті септігі тиетіні бар. Кә­дімгідей сес болуға жарайды. Әсіресе медиа кеңістікте Қазақстанның тә­уелсіздігіне, аумағының тұтастығына күмән келтіретіндер үшін «Біз – біргеміз!» дейтін айбат бұл. Дипломатия дейтін ілімнің, оны жақсы меңгерген қайраткердің бір қыры осында жатыр. Мемлекет басшысының Бакуге сапарында 10 құжатқа қол қойылды. Соның ішінде бір құжаттың салмағы ерекше көрінді бізге. Ол – «Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация» деген құжат. Ондағы «стратегиялық қатынастар» және «одақтастық өзара іс-қимыл» деген ұғымдардың астын сыза отырып қарастыруға болады. Қ.Тоқаевтың БАҚ-қа арнаған мәлімдемесінде «Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипаты туралы айтуымызға нақты негіз бар. «Стратегия­лық» деген сөз бізді көп нәрсеге міндеттейді, біз бұл бағыттағы ортақ ісіміге нақты мағына, нақты мазмұн беруіміз керек», – деп стратегиялық қатынастарға айырықша тоқталғаны да содан. Біз «одақтастық» дегенге де назар аудардық. Былтыр Өзбекстанмен арада «одақтастық» туралы Декларацияға қол қойылғанын ескерсек, түркі халықтарының ынтымақ­тастығы одақтастыққа қарай қадам басқан-ау деп топшылаймыз. Тек жаһанға жар салып жүрген жоқпыз. Енді Әзербайжанмен де «одақтастық іс-қимыл» жасаймыз. Өзгеге «айбат» деуіміздің сыры осында. Одан соң бұл сапардың әлбетте экономикалық тиімділігі бар. Әдетте елдің сауда-экономикалық байла­ныстарының жан-жақты болуы түр­лі деңгейдегі дағдарыстар зардабын азайтуға да септігін тигізеді. Әрі қосымша мүмкіндіктер ұсынатыны да бар. Маусымда Петерборда өткен саммитте Қ.Тоқаев «Дағдарыс сөзі екі иероглифтен құралады, олардың қалай жазылатыны әлі есімде. Бірінші иероглиф – қауіп, екінші иероглиф – мүмкіндік. Әр дағдарыста қатер де, мүмкіндік те бар» деген-ді. Қазір біз осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылып жатырмыз. Бір қызығы өзге бағыттарды айтпағанның өзінде, түркі әлеміндегі сауда-саттық, алыс-беріс көлемі был­тыр­дан бері өте жақсы қарқынмен өрбіп келеді. Айталық, Президент өзі атап өт­кендей, Әзербайжан мен Қазақстанның тауар айналымы 3 есеге жуық өсіпті. Ал 2022 жылдың алғашқы 5 айында бұл көрсеткіш 164,1 млн дол­ларға жетіпті. Сол сияқты Өзбекстанмен арадағы сауда айналымы биылғы бірінші тоқсанның өзінде 1 млрд доллардан асып, былтырғы сондай кезеңмен салыстырғанда 27,1 пайыз өскен. Түркиямен 2022 жылдың алғашқы тоқсанында 1,5 млрд долларлық сауда айналымы қалыптасты. Мақсат – жылына 10 млрд доллар! Былтыр түріктер Қазақстанға рекордтық деңгейде инвестиция салған. 685 млн доллар. Бір жылда. Бақу құжат Қырғыз Республикасымен де, Түркіменстанмен де тауар айналымы былтырғыдан жақсы. Ал Әзербайжанмен арадағы сауда айналымының межесін ел басшылары 1 млрд доллар деп белгіледі. Өзара байланыстар нығая берсе, оған да жетіп, тіпті асып кетуіміз мүмкін. Қазақстанда қазір­дің өзінде әзербайжандық капитал тартылған 500-ден астам кәсіпорын тір­келген. Ал Әзербайжанда Қазақ­стан компанияларының қатысуымен құ­рылған 140-тан астам кәсіпорын бар. Бәлкім алдағы уақытта тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын жан-жақты дамытуға ұмтылатын шығар. Қазір де бұл бағыттың мүмкіндігі зор екені байқалып тұр. Мәселен, 2022 жылдың алты айында бұл бағытпен Қытайдан Еуропаға қарай 845,2 мың тонна жүк тасымалданған. «Баку – Тбилиси – Карс» теміржолы, «Баку – Джейхан» мұнай құбыры желілерінің де игілігін көреміз деген үміт бар. Қазақстан Зангезур дәлізінің ашылып, тыныш жұмыс істегеніне де мүдделі. Одан бөлек Әзербайжаннан Қазақстанға қарай Каспий теңізінің астымен тартылатын кеңжолақты оптикалық-талшықты байланыс желісі жобасын жандандыру да өзекті бола түспек. Бұл жобаның стратегиялық маңызы бар. Өйткені теріскейдегі көршіге салынған санкция күшейіп, олар автономды интернет желісіне көшсе Қазақстан да зардап шегуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, Бакудегі келісімдер алдағы ірі жобалардың іргетасына айналуы бек мүмкін. Ел іргесінің бүтіндігі үшін керек қадам Мемлекет басшысының шетелдерге жасайтын сапарларында өзгеге де, өзімізге де арналған месседждер болатыны бар. Ашығын айтсақ, кез келген саясаткер, мемлекет басшысы мұндай амал жасайды. Тек сол месседждерді әдетте саясаттанушылар, оқымыстылар, сарапшылар ғана талдап, ұғына алады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапарынан да біз атасы басқа жұрт пен өзімізге бағытталған бірнеше месседж байқадық. Президент тағы да кез келген елдің аумақтық тұтастығының сақталуын бірінші орынға қойды. «Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жарғысы мен қарарларына сәйкес территориялық тұтастығын жеңіспен қалпына келтіре отырып, Әзербайжан өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басқандығын атап өткім келеді» делініпті мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың келіссөздер қорытындысы бойынша медиаға жолдаған мәлімдемесінде. Бұл пікірін Қазақстан басшысы әріптесіне «Алтын қыран» орденін тапсырып тұрған сәтте де айтты. 2020 жылы Қарабақ үшін ұрыс болып жатқан кезде де Қазақстан президенті БҰҰ жарғысына сәйкес мемлекеттердің аумақтық тұтастығын жақтайтынын, сол арқылы Әзербайжанды қолдайтынын білдірген. Бұл месседжді сол кезде қазақстандықтар да, әзербайжан халқы да түсінген-ді. Осы жолы аталған пікірді қайталау арқылы Қ.Тоқаев Қазақстан да өзінің аумақ­тық тұтастығына өзгенің құрметпен қарауын тілейтінін байқатып отыр. Бір қызығы Қазақстан Президентінің Бакуге сапарынан бір күн бұрын Түркия басшысы Р.Ердоған Қырымның Украина жері екенін айтқан. Халықаралық құқық бойынша да солай екенін атап өткен еді. Біздің пайымдауымызша, халықаралық құқықты алға тартатын мұндай мә­лімдемелер бауырлас елдердің ұста­нымы жақындай түскенін көрсетеді. Бұл дегеніңіз «қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дейтін қазақы таныммен үйлесетін месседж болса керек. Әрі түркі әлемінің елдері рес­ми түрде саяси, әскери одақ құруға ұмтылмаса да, жеме-жемге келгенде бір-біріне сүйеу болуға даяр екенін тұспалдайтын тәрізді. Біз солай ұқтық. Ал Әзербайжанның сарапшылары Тоқаевтың сөзінен ресми Ереван да сабақ алуы тиіс екенін алға тартады. Айталық, саясаттанушы Ильгар Велизаде кәнігі дипломат, кезінде өзі де БҰҰ-ында жоғары лауазымды қызмет атқарған Қ.Тоқаевтың сөзін «БҰҰ резолюциясын ресми Баку басқаша насихаттап жүр» деген уәж айтатын армян саясаткерлеріне берілген нақты жауап деп бағалады. «Сыйға – сый...» Қазақ пен әзербайжан халықтарының арасындағы ізгі қарым-қатынас тереңге кетеді. Әріге бармай-ақ, ХХ ғасырдың басында «Қазақстан» газетін шығаруға әзербайжан меценаты З.Тагиевтің қолғабыс еткенін атап өтуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы өткен Бакуде өткен түркологтар сьезіне қатысқаны, Мұстафа Шоқайдың Әзербайжан арқылы Еуропаға кеткені тағы бар. Қ.Тоқаевтың сапарынан бұрын Сумгаит қаласындағы көшелердің біріне Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының есімі берілген еді. Мұның өзі сөз басында айтқанымыздай, ресми Бакудің Қазақстан басшысының сапарына тыңғылықты даярланғанын көрсетеді. Ал қазақ жағы бұл құрметке де лайықты жауап берді. Қ.Тоқаев Қазақстан астанасында Г.Әлиевтің атына жаңа көше берілетінін, бұ­рынғысы қайраткер атына лайық емес екенін айтты. Сонымен қатар сапарда Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылық орталығы салынатыны белгілі болды. Бұл Қазақстанның Әзербайжанға жасаған сыйлығы болса керек. Сөйтіп Қазақстан күллі түркіге ортақ бастамалардан тыс қалмайтынын көрсетті. Өйткені Физули 2020 жылы Таулы Қарабақ үшін болған 44 күндік соғыста алғаш азат етілген қала еді. Әрі былтыр Ыстамбулда өткен Түркі елдері ұйымы мемлекет басшыларының саммитінде Әзербайжан тарапы бауырлас халықтарды Таулы Қарабақтағы қираған инфрақұрылымды қайта қалпына келтіруге шақырғаны бар. Физулидегі орталық сол үндеуге Қазақстанның нақты іспен үн қосқаны болса керек. Әзербайжан тарапы Қарабақтағы жобаларға 65 қазақстандық компания қатысуға тілек білдіргенін мәлімдеді. Демек, Әзербайжан жағы айтқан сауынға бауырлас біз де үн қаттық деген сөз. Ал бұл қадам Қарабақты қорғау мен азат ету жолында шәйіт болғандарға құрметтің де белгісі еді. Президент Бакудегі «Шәйіттер аллеясына» гүл шоғын қою арқылы туыс жұрттың азаттығы жолында қан төккен ерлерге де құрмет көрсетті. Қ.Тоқаев барған аллея­дан алыс емес жерде 1994 жылы Таулы Қарабақта мерт болған қазақ сарбазы Ербол Барымбетов жерленген еді.