Жетісайда қойманың кассасынан 6 миллион теңге ұрлаған ер адам ұсталды – видео
Жетісайда қойманың кассасынан 6 миллион теңге ұрлаған ер адам ұсталды – видео
Фото: polisia.kz
Жетісайда қойма кассасынан 6 миллион теңге ұрлаған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Polisia.kz-тің дерегінше, Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағымданған. Оның айтуынша, оның сусындар тұратын қоймасына белгісіз біреу кіріп, кассада тұрған 6 миллион теңгені ұрлап кеткен. Аталған жайтты полицейлер ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Ұрлыққа қатысы бар күдікті анықталды. Күдіктінің бұрын сол жерде жүк тасушы болып жұмыс істегені белгілі болды. Ол сағат 16:00 шамасында қойма ішіне еркін кіріп, жұмысшылардың үйіне қайтқанын күтіп, 5 сағаттай жасырынып отырған. Жұмыс уақыты аяқталып, қоймадағылар үйлеріне тарқаған сәтте ұрлық жасаған. Сағат 21:30 шамасында қойманың терезесінен кассаға өтіп, 6 миллион теңгені сөмкесіне салып алып қашып кеткен.   https://youtu.be/-Q0kew8E6ps Одан айғақты зат ретінде 1,5 миллион теңге алынып, иесіне қайтарылды. Тергеу жалғасып жатыр.