Көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» оқу бағдарламасының қатысушылары анықталды. Бағдарламаға қатысу үшін 18 шілде – 15 тамыз аралығында барлығы 342 өтініш жіберілді. Оның ішіндегі 125 өтініш талаптарға сай келді.
Жоба ұйымдастырушыларының өкілдерінен тұратын конкурстық комиссия мен тәуелсіз сарапшылар үміткерлерге кезең-кезеңімен іріктеу жүргізіп, оларға баға берді.
Бірінші кезеңде 125 үміткердің түйіндемесі мен мотивациялық хаты қаралып, баға берілді. Оның нәтижесінде финалдық кезең – сұхбатқа 60 адам өтті.
Екінші кезеңде Конкурстық комиссия мүшелері финалға өткен үміткерлермен сұхбат жүргізіп, ашық дауыс беру арқылы көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» оқу бағдарламасына қатысатын 30 әйел іріктеліп алынды.
Оқу 5 қыркүйек күні басталады. «Tomiris» жобасы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының және Конрад Аденауэр Қорының қолдауымен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.