Аралдағы бір ауылдың түлектері түгелдей грантқа ілікті
Аралдағы бір ауылдың түлектері түгелдей грантқа ілікті
Арал ауданына қарасты Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектебінің бітіруші түлектері мемлекеттік грант негізінде оқуға түсті. Ең қызығы, бұл ауылда балаларға сапалы білім беретін жайлы мектеп жоқ. Бұрынғы білім ордасы апаттық жағдайда тұр. Ал ауыл оқушылары ауылдық клубта білім алып жүр. Осыған қарамастан білімге құштар ауыл балғындары білім бәсінде өзгелерден оза шауып, жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндік алып отыр. «Жалпы биылғы жылы Арал ауданы білім грантын иеленуде облыста алдыңғы қатарда тұрмыз. Бұл ұстаздар қауымының толағай табысы деп білеміз. Сондай-ақ ата-аналар да балаларының үздік білім алып, заманауи мамандық бойынша оқуға түсуіне өте белсенді атсалысқанын айта кеткен абзал. Соның нәтижесінде аудандағы Тоқабай елді мекеніндегі мектептің 6 оқушысы ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы нәтиже көрсетіп, мемлекеттік білім грант иегерлері болып табылды. Бұл ауданнан шалғайда орналасқан балалар үшін үлкен қуаныш деп білеміз», – деп мәлімдеді бізге бұл жайында Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова. Жалпы биылғы жылы ауыл мектебінен 7 түлек түлеп ұшқан. Оның 6-уы мемлекеттік білім грантын алса, 1 түлек облыс әкімінің грантын иеленді. Соның ішінде жеті түлектің бесеуі ұстаздық мамандығын таңдапты.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

Қызылорда облысы