«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына келушілер саны соңғы 7 айда 5 549 адамды құрап, өтініштердің 58%-ы оң шешілген. Партияның өңірдегі аумақтық филиалдарына келушілер арасында жеке басының шаруасынан гөрі қоғамдық проблемаларға көңіл қоятындар көбейгенін байқауға болады. Мәселен, Атбасар ауданының Новосельское ауылы тұрғыны Татьяна Сафонова ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы қажеттігін алға тартып, бұл сұрақты алға жылжытуда партиядан қолдау сұрады. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық нысанның құрылысына биыл 126 млн теңге бөлінген. Мердігері де анықталды. Ал екі жылға жоспарланған жобаның жалпы құны – 159 млн теңге. Бүгінде іргетасы қаланып, қабырғасын көтеру жұмыстары жүзеге асырылуда. Сөйтіп, фельдшерлік-акушерлік пунктті 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ақкөл ауданы Урюпинка ауылының тұрғындары қабылдау барысында хоккей кордын жөндеуден өткізу мәселесін көтерген болатын. Тұрғындардың өтініші қабылданып, облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 15 млн теңге бөлінді. Бүгінде серіктестікпен 9 750 000 теңгеге келісімшарт жасалды. Жұмыстар 90%-ға аяқталып та қалды. Ал Бұланды ауданының Вознесенка ауылы тұрғындары ауылда жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы үшін жағдай жасалмағанын айтқан болатын. Биыл облыстық бюджеттен спорт алаңы құрылысына 14 млн 896 мың теңге сомасында қаржы бөлінді. Ауылдықтар сондай-ақ елді мекендегі ескі, жартылай бұзылған ғимараттар мен үйілген қоқыстың ауылдың көркін бұзып тұрғанын айтып, шағымданған. Бұл мәселе де назарға алынып, құлағалы тұрған ескі клуб пен совхоз кезіндегі монша сырылып, қалдықтарын шығаруға 3 млн теңге қарастырылды. Жалпы, осындай көшпелі қабылдаулар нәтижесінде 114 өтініш оң шешімін тапты. 156-сы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 39-ы қаралуда.
Азат ҚАЗАҚ