Жеті жүлдемен оралды
Жеті жүлдемен оралды
299
оқылды
Вьетнамның Хошимин қаласында паратаэквондодан Азияның ашық біріншілігі аяқталды. Түрлі жас ерекшелігі бойынша өткен жарыста 15 мемлекеттен келген 70-ке жуық спортшы бақ сынады. Жерлестеріміздің арасынан Мәлік Мұқашев ерекше көзге түсті. Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарды жаттықтыратын ол дүбірлі додаларға жиі қатысып, елге үнемі олжалы оралып жүр. Мәселен, былтыр Түркияда өткен әлем чемпионатында 80 келі салмақта сынға түскен Мәлік жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл жолы да таэквондошы қарсылас шақ келтірмеді. Тағы бір бас жүлде танымал спортшы Кәмила Досмаловаға бұйырды. Ол 57 келі салмақта топ жарды. Хошиминде тағы төрт спортшымыздың алтын алуына жақсы мүмкіндігі болды. Алайда ақтық сында ұтылған Нысанбек Айдарбеков (58 келі), Бауыржан Көшербаев (63 келі), Нұрлан Домбаев (80 келі) және Нышан Өмірәлі (+80 келі) күміс медальді мойындарына ілді. Аса ауыр салмақта айқасқан Әлішер Гариполлаевқа қола бұйырды. Жалпы есепте Иран мен Өзбекстанды алға жіберген Қазақстан құрамасы үшінші орынды иеленді. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Спорттық даярлау орталығының аға жаттықтырушысы Нұржан Есілбаев чемпионаттың қорытындысы бойынша ең үздік бапкерге тиесілі арнайы сыйлықты иеленді.