Жартылай финалға шықты
Жартылай финалға шықты
301
оқылды
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Кливленд (АҚШ) WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты. Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина мен А.Крунич ширек финалда жапониялық Мию Като – индонезиялық Алдила Сутджиадимен шеберлік байқасты. Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп басымдылық танытты – 6:2. Екінші сетте жапониялық-индонезиялық дуэт тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:4). Супер тай-брейкте А.Данилина мен А.Крунич жеңісті жұлып алды – 10:7. Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық-сербиялық жұп 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың жартысын мүлт жібермеді. А.Данилина мен А.Крунич финалға шығу үшін доданың 1-ракеткалары, чехиялықтар Барбора Крейчикова – Катерина Синяковамен таласады. Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин АҚШ ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының финалына шыға алмады. Ол испаниялық Фернандо Вердаскоға жол берді – 6:7 (4:7), 3:6. Енді Ф.Вердаско ресейлік Павел Котовты жеңсе, негізгі турнирге өтеді.