Аузын аңқитып кетті
Аузын аңқитып кетті
288
оқылды
«Есектің артын шампунмен жусаң да, ақша тап!» – деген, сәл өзгеріске ұшыраған мәтел бар. Қарап жүргенше, қалғып жүргенше, ақша табайын деген жастар Кореяға ағылып жатыр. Ол рас енді. Өтірік болса, өгіз тепсін. Әділет Сейдімұрат та, интернетті иіскеп қалып еді, «Кореяға жұмысқа қабылдаймыз! Виза, жол ақысын реттейміз! Бағыңды сына, өкінбейсің!» – деген тәтті сөздерден құралған жарнаманы көзі шалып қалды. Пікір жазғандар да бар көрінеді. «Жарайсың, Сергей! Қазір сенің арқаңда Кореядамын. Айлық табыс ым біздің теңгемен айтқанда, екі миллион теңге!» – деген жарнама жүрегіне жол тауып, дереу Сергейге телефон шалды. – Алло, Іздірастите? – Сәлемет пе? – Қазақша білесіз бе? – Ия. – Менің «Корея қайдасың?» – деп тартып кеткім келіп тұр. – Өте жақсы. Корея Корея жақта. – Жұмыс істеп, «Тайота камри» алайын деп едім. – Кореяда айлық керемет! «Тайотаң» не, танк сатып аласың. – Танктің керегі не? – Жәй, әзілдеп жатқаным ғой. – Фейк емессің бе? – Жо-жоқ! Менің «каспиіме» екі жүз мың теңге аударып жібер. Визаларыңды реттейін. Жолын жасайтын, сылап, сипалайтын адамдарым бар. – Аа. Мен сенбей отырмын. – Жұмыс істегің келе ме? – Ия. – Ия болса, екі жүз мың теңге аударып жібер. – Аудардым ғой. – Қашан? – Бағана. – Түскен жоқ қой? – Ақшамды ары-бері аударып қойдым деймін. – Базар жоқ, шутник екенсің. Менің «каспиіме» аударсаңшы? – Сеніңкіремей. Одан да қолма-қол бере­йін. Ертең Әуезов театры алдында кездесейік? – Базара нет. Ескерткіштің алдында кезде­семіз.   ЕСКЕРТКІШПЕН СӘЛЕМДЕСУ Ертеңіңне Әділет Алматы қаласындағы жұрттың бәрі білетін театр алдына келді. Ескерткішке қарап: – «Сәлеметсіз бе, Мұхтар ата, Әуезов! Құдай қаласа, Кореяға жұмысқа баратын боламын! Ол жақтан байып келемін! «Тайота-прадо» сатып аламын! Джип! Ой, сосын, Алматының көшелерінде ызғимын!» – деген отыз жастағы сүрбойдақ ұлы жазушы­мен тілдескендей болды. Бір сағаттан асты, Сергей жоқ. Ол шыдамсызданып, телефон шалды. – Алло, бұл мен ғой. Келіп тұрмын. – Кім бұл? – Әділет. – Аа, Қазір саған Ким барады. – Кім барады? – Ким. – Ол кім? – Ким деймін, Ким. – Кімді айтып тұрсың? – Кәріс жігіті, фәмілесі Ким деймін. – Ааа, еее. Ол Кимді ұзақ күтті, келмеді. Онысы өтірік еді. Сергей әккі түлкі ғой, Әділетті сырттай ба­қы­лаумен жүрді. «Кимді жолықтыра» алма­ған соң, Әділет ұлы жазушының ескерткішіне қарап тұрып: –«Алаяқ па, білмедім. Сенейін бе, сенбейін бе, оны да білмей тұрмын. Кешір, жазушы ата! Кореяға барғым келеді. Өзімізде жұмыс бар, бірақ айлығы мардымсыз...» – деді күбірлеп. Сосын, ескерткішке соңғы рет қарады да, жалдамалы пәтеріне қарай баратын автобусқа жүгірді.   АУЗЫН АҢҚИТЫП КЕТТІ... Әділет сол түні ұйықтай алмай шықты. Сергей жауап бермейді. Ертеңіне тағы ты­зыл­датты. – Алло? – Ия? – Бұл мен ғой, Әділет. – А, ия, Ким қайтыс болып кетті. Көлік қағып... Сен маған ақшаны аударып жібер­сеңші? «Отвечаю» дедім ғой. Біз енді жас бала емеспіз. Құпия тірлік істеген соң, ашық бара алмаймыз. – Бопты, аударып жіберем. – Ия, резюмеңді дайында. Суретіңді жібер ватцапыма. – деді жылпос Сергей Николайұлы Семенов. Ауылдан келген Әділет шынымен сеніп, екі жүз мың теңгесін Сергейдің «каспиі­не» аударып жіберді. Сергей сол кеткеннен мол кетті. Ұялы телефонындағы нөмірін лақтырып тастай салды. Сөйтіп, ауылдан келген қазақтың аузын айға қарата, аңқитып кетті. Ол тек Әділетті ғана емес, бірнеше адамды тақырға тайғанақтата отырғызып, үш миллион теңгені қалтасына басты. Он миллион теңге жинап алар ма еді, егер құқық қорғау­шылардың құрығына түсіп қалмағанда... Ол өмірінде Кореяны көрмеген де екен. Қамаққа алынған байғұс қабырғаға қарап: «Қайдасың, Корея?» – деп сандырақтайтын көрінеді. Сауап болыпты!

Ақмарал РАХМАНҚЫЗЫ