Параның пайдасы қайсы?
Параның пайдасы қайсы?
372
оқылды
Ойпырма-ай, параның пайдасы керемет қой! Пара адам денсаулығына керемет пайдалы көрінеді. Мәселен, параның адам денсаулығына мынадай әсерлері барын тізейік: – Иммунитетті көтереді. – Көңіл–-күйіңіз жақсарады. – Парамен алған ақшаны иіскесе, бронхит, ринингит, өңшең иттер жоғалады. – Асқазан-ішек жұмысын жақсартады. Егер сол параға азық-түлік сатып алып жесеңіз. – Парамен алған ақшаны астыңызға тастап, төрт сағат тапжылмай отырсаңыз, простатитке, қуық, несеп жолдарына көмектеседі. Іш қатпайды. – Пара алған қолыңызды үш ай жумай, бетіңізді сипасаңыз, жасара түсесіз, косметика­лық пайдасы да бар. – Парамен алған ақшаны жүрек тұсына қойып ұйықтасаңыз, инсульт, инфаркт алмай­сыз, жүрек қан тамырлары жақсара түседі. – Көзіңіздің көруі он есе жақсарып, бір шақырым жерде жорғалап бара жатқан құ­мырыс­қаны да көресіз. – Пара алудың құлаққа да пайдасы керемет, ақшамен құлағыңызды күніне үш рет сабалап тұрыңыз, керең болмайсыз. – Парақорлықпен алған ақшаның бір бөлігін суға сегіз ай алмастан қайнатып, оған түй­медақ шөбін, жантақ гүлін қосып, бір жыл тұндырып, он жылдан кейін ішсеңіз, қант диа­бетінен бір жола құтыласыз! – Парқорлық әйелдерге де жағымды, сол ақшамен бетін сүртсе, безеулер, дақтар кетеді. Ұйықтарда шашының арасына қойып жатса, биттемейді. – Мидың жұмысын жақсартып, кейін жынданып кетуі мүмкін. Көрдіңіз бе, неғып қазіргі шенеуніктер пара алуға құмар десем, денсаулықтарын ойлайды екен ғой? Ал, мен қу құлқындарын ғана ойлайды деп қатты қателесіппін! Дендеріңіз сау болсын! Осылай дегіміз келген, бір қарындасымызға. Ол кім дейсіз бе? Астана медицина универ­ситетінің проректоры М. Дәулетиярова ханым­ның денсаулығы «күрт нашарлап» кеткен бола­тын. Оның емі парқорлық екен. Дереу жеке компанияның басшысы Э. Гриценкодан электрон­ды кітаптарды жеткізу кезіндегі ерекше «қамқорлығы» үшін 10 000 АҚШ доллары сомасында пара алып, ой, құдайым-ай, ден­саулығы бірден жақсарып кетті-ей! Көңіл-күйі көтеріліп, қызметкерлермен бірге сту­денттер де құттықтап жатты. – Апай, денсаулығыңыз қалай? – Нанға жаққан майдай! – Апай, пара алғаныңыз құтты болсын! – Рахмет, тәбетім жоқ болып жүр еді, керемет жақты. – Апай, кейін біз де сізге ұқсаймыз! – Ия, ия. Кешікпей, бір газеттің тілшісі келіп, сұхбат алды. – Кешіріңіз, пара алғанда бетіңіз былқ етпеді ме? – Менде бет жоқ. – Көңіл–күйіңізге әсер етті ме? – Әрине! Билегім келіп кетті! – Пара алып, сотталып кетемін деп ойла­мадыңыз ба? – Ақшаны көргенде, бәрін ұмытады екенсіз. – Араныңыз ашыла берсін, рахмет сізге! – деді тілші. Бірақ, М. Дәулетиярованың жолы болмады. Ұсталып қалды. Оны айтасыз, ректор боламын деп, 47 000 доллар пара бермекші болғаны да әшкере болды. Парқорлықтың адам денсау­лығына пайдасы бар ма, жоқ па, білмей қалдық қой...

Жұмаштың ЖҮГЕРМЕГІ