Кемпір «келін»
Кемпір «келін»
371
оқылды
 Біздің ауылда жалғыз басты шал тұратын. Өмірінде үйленіп көрген емес. Жасы жетпістен сырғанап бара жатқан сол ақсақал бір күні маған қисаңдап келді. – Әй балам, машинаң жүріп тұр ма? – Жүріп тұр... – Итің үріп тұр ма? – Үріп тұр. – Қалаға барып, қыз-кемпір­ге жолығып қайтсам ба деп едім... –Түсінсем, тіліме теріскен шықсын, ақсақал... – Е, шырағым, «сібідәниеге» апарып келсең деймін. Ақшаңды берем, бензин-іңді құям... –Ата, көкнәр ішіп алған жоқсыз ба? –деп сұрадым. – Қазір жасы жетпіс екіде. Әлі қыз. Былай ғой, неменеге күлесің-ей, кәрі қыз еді, енді кәрі кемпір болды. Сол қыз–кемпірді алып қашсақ... Былай ғой. «Қыз–кемпір» деп жатқа­ным, баяғыда–а–а ғашық болған бір қызды ұмы­та алмай жүрмін. Қазіргі жас­тар бір көргеннен «ұната» са­ла­ды да, махаббатын қызға қарай «құлата» салады да, дереу алып қашады ғой.. Баяғыда-а-а-а, жас кезімде сол қызға бір көзімді қыса көргеннен ғашық болдым. Бірақ, оның жүрегі бөдене ме білмеймін, маған келгенде ұшып кете береді. Ұнатпайды. Көзің қыли дейді. Тістерің қисық, бетің қара күйе­дей дейді ме, жолатпады әйтеуір. Ол кезде қазіргідей қалта теле­фон жоқ, шарбағының қасына барып ысқырдым. Ол ышқынып шыға келді. «Не? Не? Не?» дейді. «Бір­деңе айтам...» деп мен де қой­маймын, қойшы не керек, досым екеуміз, ұмытпасам, 1960 жылдың жазы еді ғой деймін, телешкелі трактормен алып қаш­қанмын. –Ия, сосын не болды? –Не болушы еді? Кеңес дәуірі еді, «Кедей кеңкелеске тимеймін, әке-шешесіне келін болып, басымды имеймін!»–деген соң, сотталып кете бардым. Бес жылға! – Одан кейін үйленбедіңіз бе? – Түрмеден келген соң, үйден бір кесе айран сіміріп алдым да, қызды ысқырып шақырдым. «Не? Не? Не?» деп жетіп келді ол. «Бірдеңе айтамын...» –дедім де, қызды есек арбамен алып қаш­тым... – Көнді ме? – деп сұрадым мен. – Қайдағы? Тағы төрт жылға сотталып кеттім... Түрмедегілерге танымал болып қалдым, құдасы келгендей құшақтап қарсы ала­ды... – «Одналюбь» екенсіз де... – Білмеймін, «Сені сүйем, сенен басқа ешкім ұнамайды!» –деген қазіргі жастар әні бар ғой, тура маған арналғандай. – Аты кім еді, сұлуыңыздың? – Долана. – Ерекше ат екен. – Шырағым, түрмеден келген соң... – Айран сіміріп алдыңыз да... – Жоқ, боза ішіп алдым да, ұмытпасам 1969 жылдың күзі еді, егін жиналып жатқан, ысқырдым да, алып қаштым. – Сіз ысқырсаңыз, қыз атып шыға береді екен де. – Білмеймін, ысқырсам болды «Не? Не? Не?» деп жетіп келетіні бар. Көнбей қойды. Тағы бес жылға сотталып кеттім. – Сізге жүдә обал болған екен. – Ия, супер ғашық болдым ғой! Мен оның шұлығын ұрлап алып, түнімен иіскеп жататын­мын. – Маньяк емессіз бе, ата? – Ол кезде коньяк ішкен емес­пін. Сол қызды ешкім алмады ақыры... Қазіргі жастарға қайран қаламын, «жедел» маха­ббат болады да, арты «пожарный» махаббатқа ұласып жатады. Сендер есеппен үйленесіңдер. Қазіргі қыздарда қасиет қал­ма­ды... Сауналарда сайрандап жүріп алады да, түк болмағандай, бір мықты жігіттің басын айнал­дырып, тиіп алады. – Ата, қазіргі жастарды қойыңызшы, сонымен маған не демекшісіз? –деп сұрадым мен. Шал шашын тарап, сақалын өріп қойды. – Долана қалада бір өзі тұрады екен.Ұстатпай жүрген махаб­батым менің! Кеше түсіме кірді. «Не? Не? Не?» деуші еді ғой, «Кел, кел, кел!» деп қол бұлғайды ма... – Алып қашқыңыз келеді ғой? – Ия шырағым... «Мерседесіме» көрші ақса­қал­ды отырғызып алып, қалаға тартып кеттім... Құдайым-ау, кездесулері жүдә қызық болды. «Қыз–кемпір» өтірік мүләйімсіп: әрең шықты. Шыға салып: «Не? Не? Не?» деді. Атамыз: «Бірдеңе айтайын ...» деп қипақтады. Содан кемпірді алып қаштық... «Біздің ауылдағы гәпке бара­мыз...» деп алдады ақса­қал. Үйге келсек, ақсақалдың ағайындары, тірі кластас ақсақалдар отыр екен, «Кәрі құсың құтты болсын!» десіп жатты. Бір жеңгесі кемпір келінге ақ жаулық жапты. Ал, атамыздың қуанышында шек жоқ! Қайта қайта насыбай ата береді. Бүгін біздің ауылда беташар! Келіңіздер, белін бүгіп есік алдын сыпырып жүрген кемпір «келінді» көріңіздер!

Ратқұм МІРЕШ