Айнұр Алдаш: Баланы ешкіммен салыстырмаңыз...
Айнұр Алдаш: Баланы ешкіммен салыстырмаңыз...
Заман – оқығандыкі. Солай екенін түсінді ме, қазір ата-аналар барынша білім алуға бейім. Жол көрсетсең қатесін түзеуге дайын. Әрине, мұның бәрі баланың дұрыс дамуы­на ден қойған ата-ананың іс әрекеті. Осы орайда биыл шамамен 410 мың баланың мектеп табалдырығын аттайтынын ескеріп, белгілі нейропси­хо­логпен сұхбат­тасуды жөн көрдік. Клиникалық балалар психологы Айнұр Алдаштың айтуынша, балаға қолдау көрсету мен мақтау ерекше күш береді. – Айнұр ханым, баланың мектепке баруға дайын екенін неден байқауға болады? Өйткені басында тақпақ жаттап, ынталанып жүрген бала кейіннен мектепке барғысы келмейтін жайт кездеседі. – Біз, ата-аналар көбіне «балам оқи алса, жаза алса, есеп шығара алса, мектепке баруға дайын» деп ойлаймыз. Шын мәнін­де, баланың мектепке дайындығы – өте ауқымды тақырып. Жоғарыда айтқандай, жаза алу, оқи алу интеллектуалды дайын­дыққа жатады. Ал баланың дайындығын бірнеше критерий бойынша тексереміз. Мәселен, интеллектуалды, психология­лық, физиологиялық және нейрофи­зио­логиялық критерийге қараймыз. Мысалы, бала есепті жақсы шығарғанымен, өз бе­тімен жейдесінің түймесін қадай алмайды. Яғни, ұсақ моторикасы өте нашар болуы мүмкін. Одан бөлек, баланың координа­циясы нашар болғаннан, жол жиекте­ме­сімен жүре алмайды. Бала интеллектуалды тұрғыда мықты, бірақ эмоционалды ин­теллекті төмен болатын жайттар да бар. Мысалы, басқа балалармен қарым-қа­тынас құруда қандай да бір қиындыққа тап болуы мүмкін. Мұғаліммен субордина­ция­сы нашар болуы мүмкін. Яғни, тізбедегінің бәрі баланың психологиялық дайын­ды­ғына жатады. Сондықтан баланың оқуына, жазуына, жазу үлгісіне ғана мән бермей, жоғарыдағыны да қаперге ілген жөн деп ойлаймын. Не үшін басында тақпақ жаттап жүрген бала кейіннен мектепке барғысы келмей қалады? Біріншіден, 1-сыныпқа барған бала бейімделу кезеңінен өту керек. Бейімделу кезеңі бір айдан жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан 1-сы­ныпта баланың «мектепке барғым кел­мейді» деуі қалыпты. – Сіздіңше, баланы қай жаста және қандай дағдыны меңгергенде мектепке бе­ру керек? – Физиологиялық тұрғыдан алатын болсақ, баланың мектепке дайын болу жасы – 6 жас 8 ай мен 7 жас. Яғни, осы жас аралығында баланы мектепке берген дұ­рыс. Өйткені өзін ұстауына, бақылауына, зейін шоғырландыруына, берілген тап­сырманы орындап отыра алуына мидың маңдай бөлігі жауап береді. Ал ол бөлік жеті жасқа бірнеше ай қалғанда қарқынды дамиды. Яғни, қазір 1-сыныпқа барған алты жасар балалардың көбі – әлі ойын баласы. Сондықтан 1-сыныпты балаға мей­лінше жеңілдеткен жақсы. Қазір сол процесс жүріп жатқанына қуанамын. Мысалы, «Әліппені» қайтарды. Оқушыға 1-сыныпта баға қойылмайды, қандай да бір қорытынды шығармайды. Биыл мектеп табалдырығын аттаған бала үш тілде емес, ана тілінде білім алады. Соның барлығы баланың бейімделуіне көмектеседі. Кейінгі сұраққа келсек, балада қандай дағды қа­лыптасу керегін қарастырайық. Ең бірінші, баланың зейінін тұрақтандыру маңызды. Ал зейін дегеніміз не? Мысалы, мұғалімнің айтқанын, тапсырмасын тыңдап отырып, оған зейін қоя алуы. Бұл – өте маңызды. 1-сыныпқа барарда балада аталған дағ­дыны барынша дамытқан жөн. – Ата-аналардың көпшілігі білім күні жақындаса, базарға асығады. Негізінен, мек­­тепке дайындықты неден бастаған жөн? – Меніңше, мектепке дайындықты фи­зиологиялық критерийден бастаған жөн. Алдымен, баланы медициналық тек­серістен өткізген дұрыс. Ал біз өз кезегі­мізде қалай істейміз? Мектепке аз қал­ғанда, құжат тапсырар кезде тез-тез мед­комиссиядан өтеміз. Сонымен, бітті. Не­гізінен, денсаулығының мықты екеніне барынша көз жеткізген абзал. Баланың көзі дұрыс көре ме? Себебі қазір барлық бала гаджетке тәуелді. Құлағында қандай да бір ақау бар ма? Бойында дәрумен жетіспеушілік бар ма, жоқ па, тексертейік. Мәселен, маған қаншама бала консульта­цияға келеді. Ата-аналары сөйлесу ба­рысында «балам еріншек, сөйлегісі кел­мейді» деп айтады. Ал шынына келгенде, баланың көзі анық көрмейді немесе мұ­ғалім айтқан кей дыбысты дұрыс естімей жатады. Себебі дыбысты естуінде қандай да бір кінәрат бар. Сондықтан міндетті түрде баланы медициналық тексерістен өткізген жөн. Екіншіден, мектепке бара­тын бала барлық дыбысты айта алуы керек. Мысалы, бес жасқа келген бала 42 әріпті дыбыстауы тиіс. Қазір кейбір балалар жасы жетіде болса да дұрыс сөйлемейді, кей дыбысты айта алмайды. Ал бала бес, бес жарым жасқа дейін дыбыстың бәрін мең­геруі қажет. Осы уақыт аралығында ды­быстай алмады ма, демек логопедтің көмегіне жүгінесіз. Өйткені дұрыс сөйлей алмайтын, дыбыстай алмайтын балалар ертең диктантты да қатесіз жаза алмайды. Міне, аталғанның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Үшіншіден, баланың ортасы­мен, әлеуметпен етене араласуын қадаға­лаған дұрыс. Мәселен, балабақшаға, қан­дай да бір дамыту орталығына бармаған бала мектепке барғанда қиналады. Сол үшін баланы қатарластарымен араласуға бейімдеп, көпшілік ортаға үйреткен жөн. – Осы ретте балабақша, мектепалды даярлық сыныбы, мектеп үштігі байла­нысына тоқталсаңыз. Себебі баласын ал­дыңғы екеуіне апармай-ақ бірден мектепке беретіндер бар. – Меніңше, баланы нөлінші сыныпқа беру міндетті емес. Оны ата-ананың өзі шешеді. Бірақ балабақшаға бару міндетті деп ойлаймын. Балабақшаға барған балада әлеуметтік интеллект жоғары болады. Ал әлеуметтік интеллект дегеніміз не? Ол – достасу, ойнау, басқа баламен қарым-қатынас жасау. Мысалы, қарым-қатынас жасаудың өзіне топтық жұмыс, бәсекеге түсу, ойыншықты бөлісу кіреді. Осылайша, балабақшаға барған баланың эмоционал­ды интеллектісі де талапқа сай дамиды. Өйткені топта 20 бала болса, 20 түрлі эмо­ция бар деген сөз. Бала соның бәрімен танысады. Бастысы, балабақшада ережеге бағынуды үйренеді. Байқасаңыз, мектеп те ережеге бағыну. Мәселен, мұғалімнің айтқанын орындайсың, сабақ оқисың. Аталған әрекеттің алғышарты балабақшада басталады. Сондай-ақ балабақшаға барған бала өзімен-өзі жүре алады, жеке шекара дейтін ұғым да қалыптастады. Яғни, са­насында «менің жеке шкафым, аяқкиімім, төсегім, киімім бар» дейтін ұғым пайда болады. Осының бәрі мектепке барғанында тезірек бейімделуге жәрдемдеседі. – Мүлдем мектепке барғысы келмей­тін баланы қалай қызықтыруға болады? – Мотивация дейтін түсінік бар. Жалпы, 1-сыныпқа баратын баланы алсақ, онда оларда құлшыныс бар. Аздап болса да, мотивация болады. Тіпті, оқуға құлқы жоқ болса да, жаңа киімдеріне және оқу құралдарына қарау ол үшін мотивация. Егер бірте-бірте мектепке бейімделе алмаса, балада мотивация деңгейі түседі. Психологияда «мектеп нев­розы» дейтін түсінік тағы бар. Демек, бала алғаш мек­тепке баратын кезде іштей қорқады. Бірде іші ауырады, бірде басы ауырады. Бұл мектеп неврозы деп аталады. Міне, осы сәтте баланың не үшін мектепке барғысы келмейтінін түсініп алған жөн. Мүмкін, бала сәтсіздіктен қашатын шы­ғар. «Екі не үш дейтін баға алсам, ата-анам ұрсады» деп ойлауы мүмкін. Мұғалімнен немесе сы­ныптағы біреуден қорқады. Әлде тақтаға шығып жауап бергеннен ұяла ма? Алды­мен, мектепке барғысы келмеуінің ас­тарында жоғарыдағы себепке ұқсас жайт бар-жоғын анықтаймыз. Енді қалай қы­зықтыруға келсек, еске түсірейікші, үл­кендер мектеп туралы қандай әңгіме айтады? Сол әңгімеден бала мектеп тек жазалайды әрі бағалайды деп түсінеді. Негізінен, бала мектептен келгесін оған дұрыс сұрақ қойып үйренген дұрыс. Біз одан не сұраймыз? Әрине, көпшілік не жегенін және қандай баға алғанын сұ­райды. Содан оның санасында «мектепте баға қояды, ал тапсырманы дұрыс орын­дамасаң жазалайды» деген түсінік қалыптасады. Осылай ойлайтын баланың мектепке баруға құлшынысы төмендері хақ. Осы орайда ата-аналарға айтарым, баламен сөйлесіп, сырласып үйреніңіздер. «Бүгін сені не қызықтырды? Нені үйрен­дің?» деген сияқты сұрақ қойғанымыз жөн. Мектептің өмірлік достарды кезіктіретін, санадағы құндылықтар тізбесі түзілетін орта екенін үйреткен абзал. – Ал нейродинамикасы төмен бала­лар­ға қалай көмектесеміз? – Жалпы, нейродинамика дегеніміз – мидың тонусы. Яғни, мидың белсенді күйде болуын айтамыз. Мысалы, нейро­динамикасы төмен балалар берілген тап­сырмаға бірден бас қоя алмайды. Осылай­ша, тапсырмаға ары қарайды, бері қа­райды, көп қимылдайды, зейінін шо­ғыр­ландыра алмайды. Оны орындағанның өзінде тез шаршап қалады. Мұның өзі нейродинамиканың төмен екенін білді­реді. Мұндай балаларға таза ауада ұзақ серуендеу керек. Бұдан шығар қорытынды, баланың миына көбірек оттегі барғаны жөн. Таза ауада жүрген сайын миға оттегі барады. Әрі жиі су ішсе құба-құп. Режим сақтап, белгілі бір уақытта тұрып, бір уақытта жатып үйрену қажет. Мысалы, гаджетті шектеулі уақытта пайдаланудың өзі нейродинамиканы көтеруге кө­мектеседі. – Жаңа ортаға бейімделу кезеңінде ­ата-ана негізгі рөлді мұғалімге беру керек пе, әлде? – Әрине, жоқ. Бұл жағдай ата-анаға да, мұғалімге де тікелей байланысты. Жалпы, мықты мұғалім болса, бала мектепке тез бейімделеді. Десе де, ата-ананың рөлі ма­ңызды. Біріншіден, ата-ана қателік жа­самағаны дұрыс. Біріншіден, баланың ер­кіндігін шектемеңіз. Мысалы, мектепке барған бала киімдерін өзі реттеуі керек. Яғни, орындыққа қоя ма, шкафқа сала ма еркіндік беріңіз. Оқу құралдарын, затта­рын өзі салып, өзі жинасын. Мұның бар­лығы 1-сыныптан әдетке айналғаны абзал. Үй тапсырмасына келсек, ата-ана тара­пынан кішкене көмектесуге рұқсат. Бірақ оның орнына тапсырма орындамаңыз. Мәселен, 5-сыныпқа көшкен ұл-қызының сөмкесін реттеп, киімін жинап жүретін ата-аналар бар. Бұдан шығар қорытынды, балаға еркіндік бермей, өзін-өзі қолға алуды үйренбейді. Екіншіден, баланы дұрыс мақтауды үйренейік. Ол бір ғана әріпті үйренді ме, тақпақ жаттады ма, мейлінше мақтауды ұмытпаңыз. Қолдау әрқашан күш береді. Ал бұл өз кезегінде мұғалімге де, мектепке бейімделемін деген оқушыға да үлкен көмек. – Мысалы, бір үйдің жалғыз баласы мектепке барды делік. Бұрын-соңды затта­рын өзгемен бөлісіп үйренбеген оқушыға көпшіл болуды қалай үйретеміз? Жалпы, балада эгоизм қашан пайда болады? Оны үдетіп алмау үшін нендей шара қолданамыз? – Осы ситуация бойынша қарастырсақ, үйде балаға міндет жүктеуді қолға аламыз. Есіңізде болсын, еңбектенген бала жаман болмайды. Сол үшін барынша еңбекке бау­лимыз. Мысалы, «бүгіннен бастап те­резедегі гүлге су құю – сенің міндетің» немесе «кіреберістегі аяқкиімдерді рет­теуді саған тапсырамын» деп айтасыз. Қайталап айтамын, еңбектенген бала жаман болмайды. Содан кейін оның киімдерін, ойыншықтарын жинамаймыз. Ол өзі жасап үйренуі керек. Эгоизмді үдетіп алмау үшін балаға күте білуді үй­ретеміз. Жалғыз бала болған соң, жылай қалса, кәмпит береміз, ойыншық десе, дүкенге жүгіреміз. Бірден айтайын, бұлай істеудің қажеті жоқ. Бала міндетті түрде күтуді үйренуі керек. «Жақсы, саған үш күннен соң ойыншық алып беремін» деп айтасыз да, үш күннен кейін әрекетке кі­рісесіз. Жаңа жыл келгенде алып беруге уағдалассаңыз, тура сол уақытта істейсіз. Сондай-ақ эгоизмді тәрбиелеу үшін баланы белгілі бір ережеге бағындырамыз. Маңыздысы, оған «жоқ» деп айта білу. Сонда бала эгоист болмайды. – Сұхбат соңында фактчек жасасақ. Тәжірибелі нейропсихолог ретінде жауап берсеңіз, расымен, нейродинамиканы дамытып, дефициттердің орнын толтырса, кез келген бала үздік оқи ма? Өйткені әлеуметтік желіде «мынадай витамин ішіп, осы жаттығуды жасаса, балаңыз жақсы оқиды» дейтін жарнама жетерлік. – Жоқ, үздік оқу кез келген баланың қолынан келмейді. Өйткені әр баланың өз мүмкіндігі, шектеуі бар. Әрине, нейро­коррекциялық жаттығуды қосып, ағзадағы дефицитті толтырып, тұтас жұмыс істейтін болсақ, танымдық процесті жақсарта аламыз. Ойлау, есте сақтауын жеделдетіп, зейінін тұрақтандыру қолдан келеді. Бірақ бұл барлық бала үздік оқып кетеді деген сөз емес. Жалпы, үздік атанудың астарында көптеген фактор бар. Ол баланың өзіне, мұғалімге, генетикаға, қарым-қабілетіне және мотивацияға байланысты. Сон­дық­тан есте болсын, үздік оқу – жеке процесс, әркімде әртүрлі нәтиже береді.

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ