Елтаңба авторы мен белгілі хирург Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанды
Елтаңба авторы мен белгілі хирург Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанды
471
оқылды
Конституция күні әрбір қазақстандық үшін айрықша маңызға ие. Сыр халқы да айтулы мерекеге ерекше көңіл күймен жетті. Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында айтулы мереке салтанатты шарамен әспеттелді. Жиында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ата заңды ардақтау – болашаққа батыл қадам басқан әрбір азаматтың асыл парызы екенін жеткізіп, барша Сыр жұртын Конституция күнімен құттықтады.
«Конституция – қағаз жүзіндегі құжат емес, ол - елдің, халықтың, әрбір азаматтың өмір сүру ережесі. Бұл құнды құжат мемлекетіміздің іргесін бекітіп, халықаралық кеңістікте ұдайы өркендеуін қамтамасыз ететін негіз. Жалпы осы жылдың елімізге түбегейлі өзгеріс әкелгенін жақсы білесіздер. Ел Президентінің тегеурінімен Қазақстан дамудың жаңа жолына түсті. Наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуы үшін мәні зор саяси реформалар жариялады. Бұл өз ретінде елдің басты заңы – Конституцияға бірқатар өзгерістер әкелуді талап ететіні сөзсіз. Осылайша, биылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізіліп, Қазақстан Ата Заңының 33 бабына 56 өзгерту енгізілді»,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Салтанатты жиында Рәміздер мерекесінің 30 жылдығы мен мерейлі сексен жасы қатар келген Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков пен асқаралы алпыс жасқа жеткен білікті дәрігер, 8000-ға жуық ота жасаған хирург, қоғам қайраткері Болатбек Баймахановқа «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағын табыстады.
"Туған жеріме келіп, халықтың құрметіне бөленуден артық бақыт жоқ. Елімізге адал қызмет етуіміз керек. Байқағаным, Қызылорданың өңі өзгеріп, келбеті келісіп, жаңа заман талабына сай өніп-өсіп жатыр. Мұның бәрі туған жерге қызмет ететін азаматтардың арқасы. Сыр елі өрлей берсін, мереке құтты болсын", - деді елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.
Салтанатты іс-шараға жиналған қауым қарапайымдылықты ту еткен қос азаматқа құрмет көрсетіп, ыстық ықыласын қошеметпен білдірді. Сондай-ақ, аймақ дамуына сүбелі үлес қосып, аянбай еткен еткен бірқатар азаматтарға Қызылорда облысы әкімдігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табысталды.