Қытайдағы бұғы тайпасының соңғы әйел «ру басы» қайтыс болды
Қытайдағы бұғы тайпасының соңғы әйел «ру басы» қайтыс болды
637
оқылды
Қытайдың Ішкі Моңғолия Гэньхэ қаласында Эвенки этникалық тобындағы бұғы тайпасының соңғы әйел «ру басы» атымен танымал Мария Суо әжей 101 жасында қайтыс болды. Бұл туралы «Халық Газеті» сайтына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады. Мария Суо ғасырмен құрдас өмірінде аңшылық, отырықшылық және дамыған эвенки халқының жүз жылдық өзгерістеріне куә болған. Өмір бойы тау қойнауындағы ну орманда тіршілік еткен әжей жасы 90-ға келген шағында да тауда бұғыларды бағып-қағып, елі мен ұлты үшін бұғы мәдениетіне иелік етті. Басылымның мәліметінше, 1921 жылы туған Мария Суо – ұлттық мәдениетке мұрагерлік етудің елшісі, Ішкі Моңғұл мәдени мұрасының иегері және Қытайдың Мао Дун атындағы әдебиет сыйлығымен марапатталған «Эргуна өзенінің оң жағалауы» романындағы бас кейіпкерінің прототипі. Мария Суо әлемге «Қытайдағы соңғы әйел ру басы» деген атпен танымал.  width= Сонымен бірге әжей еңбекқор, қабілетті ғана емес, сегіз қырлы бір сырлы жан. Ол тері илеп, қолғап, баскиім, киім-кешек сияқты тамаша бұйымдар жасайды.
«Әжейдің айтатын халық ертегілері таусылмайды. Оның салған әсем әні орманда жаңғырса, ол тартқан сырнай үнінен эвенки ұлтының ұзақ тарихы естіледі. Бір ғасырлық ғұмырында Мария Суо Аолугуяда тұратын эвенки халқы дамуының бейнесіне айналды. Асқар таулар мен ну орманды көзінің қарашығындай қорғап, бұғы мәдениетіне иелік еткені үшін оны ауыл тұрғындары қатты құрметтейді. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін, ол аң аулауды және этникалық топтарды басқаруды шебер меңгергендіктен, Қытайдағы бұғы тайпасының соңғы әйел «ру басы» атанды. Ол тіршілігінде «Бұғыларым менің балаларымдай, оларды қатты жақсы көремін» деп жиі айтатын», – деп жазады дереккөз.
Тарихи деректерде, эвенки «таулы орманда тұратын адамдар» деген мағынаны білдіреді. «Аолугуя» — эвенки тілі, ол «терек-орманға толы жер» дегенді білдіреді. Аолугуя эвенки — Қытайдағы соңғы бұғы тайпасы және Қытайдағы бұғы өсіретін жалғыз этникалық топ.  width=