Орал тұрғыны 28 жылдан кейін "қайтыс болған" анасымен кездесті
Орал тұрғыны 28 жылдан кейін "қайтыс болған" анасымен кездесті
1,314
оқылды
Орал тұрғыны Любовь Клейменованы 8 жасында анасынан айырып, екі жылдан кейін анасының қайтыс болғаны туралы куәлігін көрсеткен. Қызды әкесі, атасы мен әжесі тәрбиелеген. 30 жылдан кейін ол анасының тірі екенін білді, – деп хабарлады "Мой ГОРОД" басылымы. Қазір Любовь Клейменова 36 жаста. Ол екінші рет тұрмыс құрған, үш баласы бар. Әйел өзінің есейген жылдарын қамаудағы өмірмен салыстырады. Анасының сүйіспеншілігін, қамқорлығын және жылулығын армандады. Анасы Вера Чернояровадан айырылғанға дейін бірге өткізген күндері мәңгі есінде қалған.
"Анамның бірінші некеден екі баласы болды, мен және үлкен ағам. Ал басқа күйеуінен тағы бір ұлы бар. Ағам әкемнің тәрбиесінде болды, мен сегіз жасқа дейін анаммен бірге тұрдым. Бір күні анам маған: "Жинал, әкең келді, әзір әкеңмен боласың, кейін сені алып кетемін", - деді. Сол кезде әкемді бірінші рет көрдім. Ол кезде әкем жазасын елді мекендерде өтеп жатқан, мені сол жерге алып кеткен. Мен онымен бір жыл тұрдым, кейін ол мені ата-анасына алып келді. Атам мен әжем қатал еді, серуендеуге, үйге достарымды шақыруға, біреумен сөйлесуге болмайтын. Балалық шағымда бақытты болдым деп айтпас едім. Көбіне үйде отырып, сабақ оқыдым. Әрине, оларға тойдырып, киіндіргені үшін ризамын", - деп әйел естеліктерімен бөлісті.
Анасының қайтыс болғаны туралы куәлікті атасы жасаған. Алдымен ол оны хабар-ошарсыз кетті деп құжаттарды рәсімдеді, кейін сот арқылы өлім туралы куәлік жасатты. Жақында Любовь Клейменоваға "марқұм" анасының көршісі хабарласқан. Любовь Клейменованың анасы тірі, алайда ол соқыр болып қалғанын, Ресейде, Саратов облысында тұрып жатқанын, ешқандай құжаты жоқ екенін айтты.
"Әрине, мен сенбедім. Алғашқы телефон арқылы сөйлескен кезде біз жыладық. Ол кешірім сұрап, өмір бойы біз туралы, балалар туралы ойлағанын айтты. Анам Ресейге кеткенін, ол жерде бір адаммен кездескенін және 25 жыл бұрын оған тұрмысқа шыққанын айтты. Қазір күйеуі қайтыс болды, ал анам қаражатсыз өмір сүреді. Оның құжаттары, зейнетақы және мүгедектік бойынша жәрдемақысы жоқ. Мен оның құжаттарын қалпына келтіруге көмектесуімді өтіндім", - деді Любовь Клейменова.
Әйел фотосуреттерден анасын танығанын айтады. Ол мүлдем өзгермеген, бәрі бұрынғыдай, тек қатты қартайған. Любовь Клейменованың анасына реніші жоқ.
"Маған басқалар не десе де бәрібір, бұл - менің анам және мен онымен бірге болғым келеді. Мен өмір бойы оны бір рет болсын көргім келген. Ананы ешкім алмастыра алмайды ғой", - деді Любовь.
Әйел тезірек қайта қосылу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
"Мен оның қайтыс болғаны туралы куәлігін сотта атаммен бірге барып өзгертуім керек еді, өйткені осы құжаттарды жасаған атам. Мен анама бардым. Жол бойы қатты уайымдадым, кездескен кезде біз бір-бірімізді құшақтап, үнсіз жыладық. Сөйлестік. Оны Астраханьдағы елшілікке апардым. Қазір үйдеміз", - деді Любовь Клейменова.
Әйел ақырындап үйреніп келеді. Немерелері онымен үнемі ойнайды.
"Анам менімен бірге тұрады. Оның екі көзі де көрмейді. Бірақ маған бәрібір, бастысы - анам! Мен бұл туралы өмір бойы армандадым", - дейді Любовь.
Оның айтуынша, ол анасын бақытты ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.