Жетісайдағы өрт: «Күлпаршын» базарының саудагерлеріне қандай көмек көрсетіледі?
Жетісайдағы өрт: «Күлпаршын» базарының саудагерлеріне қандай көмек көрсетіледі?
Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды
Жетісайға барған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев базардағы өрттің салдарын жою бойынша штаб отырысын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Базар иесімен кездесіп, әкімдік тарапынан қолдау болатынын айтты.
"Ешкім көмексіз қалмайды. Базар басшылығы кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, жанған тауар шығынын заң аясында өтеу керек. Бірінші мәселе, базарды қалпына келтіріп, тездетіп іске қосу қажет. Ол үшін жақын маңдағы аудандардан бригадалар алдырамыз. Әр секторға жөнделетін базар қатары бекітіледі. Әр павильонды 6-7 топқа бөліп, кәсіпкерлер мәселесін оңтайлы шешуді қадағалаймыз", – деді әкім.
Қазір зардап шеккен кәсіпкерлерді басқа сауда орындарына уақытша орналастыру бойынша «Қарақай» сауда базарына және «Күлпаршын» базарының өрт шалмаған орындарына жайғастырып жатыр. Комиссия төрағасы Сәкен Қалқаманов, жергілікті әкімдік пен құқық қорғау органдары өкілдері, «Күлпаршын» базарының иелерінің қатысуымен өткен жиналыста Жетісай ауданының әкімі М.Қадырбек облыс әкіміне аудандағы жағдайды баяндады.
«Бүгінде болжамды есеп бойынша,  613 азамат, 1 119 сауда нүктесі өрттен жапа шеккен. Келтірілген шығындарды өтеу бойынша арнайы қор құрылды. Қазір  кәсіпкерлермен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Күнделікті кәсіпкерлермен кездесіп, оларға көрсетілетін көмек жайын айтып жатырмыз», – деді аудан әкімі.
Облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Н.Жалғасов аудандағы қоғамдық ахуалға тоқталды. «Аталған жайтқа байланысты тергеу басталды. Кеше өрт-техникалық сараптама, сот-құрылыс сараптамасы жүргізілді. Шұғыл тергеу тобы құрылған»,-  деді құқық қорғау органының өкілі.
«Базарды қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылдаймыз. Базарды қалпына келтіру жұмыстарына Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт аудандарынан бригадалар келіп көмек береді. Жобалаушылармен сөйлесіп, базар сызбасы дайын болған соң 1 аптада базарды қалпына келтіру керек. Ал базар иесі кәсіпкерлермен келісімге келуі тиіс», – деді аймақ басшысы.
Базар иесі әкімнің ұсынысымен келісті. Өрттен жапа шеккен кәсіпкерлерге көмек беру мақсатында көршілес Мақтаарал, Жетісай ауданының кәсіпкерлерімен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек кездесу өткізді. Өз кезегінде кәсіпкерлер «Күлпаршын» базарында болған өртте тауары өртеніп кеткен саудагерлерге моральдық-материалдық көмек беруге әзір екенін жеткізді. Жетісайдағы өртенген базар кәсіпкерлеріне шығындарын өтеу мақсатында қор ашылған болатын. Қазір ел ішінде аталған қорға қаражат жинау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. «Түркістан» Корпоративтік әлеуметтік даму қоры» арқылы тілсіз жаудан жапа шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуге болады. Қордың реквизиттері төменде: БИН 100 440 016 000 «Қазақстан Халық Банкі» АҚ KZ886010001000002491 БИК HSBKKZKX Кбе 18 «ForteBank» АҚ ИИК KZ7196528F0007014 БИК IRTYKZKA Мекенжайы: 161200, Қазақстан Республикасы, Түркістан қ-сы, Қызылорда тасжолы, 34А үйі e-mail: kfsr_turkestan@mail.ru Директоры Орынбаев Жандос Мусуралиевич +7-778-188-87-77