FlyArystan қызметкерлері мүгедек жолаушының арбасын багажға өткізбей қойған
FlyArystan қызметкерлері мүгедек жолаушының арбасын багажға өткізбей қойған

FlyArystan авиакомпаниясының қызметкерлері мүгедектігі бар жолаушыға арбасын багажға тапсыру үшін рұқсат бермеді. Бұл туралы жолаушы Нияз Сүндеталиев Facebook парақшасында жазды.

«29 тамызда Алматы әуежайында FlyArystan авиакомпаниясы қызметкерлері менің мүгедектерге арналған арбамды бортқа кіргізуге рұқсат етпеді. Біз 23.05-те ұшуымыз керек еді. Алайда еш түсіндірусіз рейс кешігіп, біз тек 02.35-те ұштық. Жүкті тапсыру кезінде әуекомпания қызметкерін шақырдық. Ол арбаны ұшаққа апармайтынын айтты. Өйткені мен терминалдарды өз бетімше өшіріп, басқару тақталарын ажыратуым керек екен. Ал менің саусақтарым жұмыс істемегендіктен оны жасай алмаймын», – деп жазды жолаушы.
FlyArystan Нияз Сүндеталиев 26 тамызда Қарағандыдан Алматыға осы авиакомпанияның ұшағымен, дәл осы мүгедектер арбасында еш қиындықсыз ұшып келген.
«Олар жарты сағат бойы менің арбаммен не істеуге болатынын анықтады. Осы уақыт ішінде мен қарапайым мүгедектер арбасына отыруға мәжбүр болдым. Оның менің жағдайым үшін қажетті функциялары болмады. Мен сал ауруына шалдыққандықтан арқамды ұстай алмаймын. Мүгедектіктің бірінші тобындамын. Сондықтан мен кез келген арбаны қолдана алмаймын. Сол уақыт ішінде денсаулығым мен өміріме қауіп төндіретін арбамен қисайған қалыпта отырдым. Мүгедектігімнің барын, маған көмек қажет екенін 5 күн бұрын ескертіп айтқанмын. Бірақ мен Қарағандыға арбаны Алматыдағы тіркеу бағанасында қалдырып ұшуға мәжбүр болдым. Қазір мен үйдемін. Алайда адамдармен өз бетімше кездесуге мүмкіндігім жоқ. Таза ауамен тыныстау, алдағы барлық кездесулер жайына қалды. Ең сорақысы FlyArystan қызметкерлерінің ешқайсысы Қарағанды әуежайынан үйіме қалай жететінім жайлы ойламады да», - деп жазды Н.Сүндеталиев.
FlyArystan баспасөз қызметі авиакомпанияның арбаны тасымалдаудан бас тартпағанын хабарлады. Олардың айтуынша,  броньда жолаушының ерекше қажеттіліктері бар екені көрсетілген.
«Алайда тасымалдау ережелеріне сәйкес, авиакомпания қызметкерлері терминалдарды өшіре алмайды және басқару тақталарын ажырата алмайды. Мұны жолаушылар өздері жасауы қажет. Қызметкерлер бұл туралы хабарлап, ережелерге сәйкес әрекет жасауды сұрады. Өкінішке қарай, жолаушы басқару пультін ажыратудан бас тартты, осыған байланысты оның арбасын багаж бөлігіне тиеуге рұқсат етілмеді», – деп түсіндірді баспасөз қызметі.