Талабы таудай Назар
Талабы таудай Назар
514
оқылды
9 жастағы қазақстандық футбол­шы Назар Доля Испаниядағы Levante UD футбол клубында жат­тыға­ды.
Анасы Алма Ілиясованың айтуынша, Назар үш жасынан Орал қаласындағы FKU Орал (football Kids Uralsk) клубында тәжірибелі бапкер Болат Шалаевтың қол астында жаттықты. «Әкесі Сергей Доля өткен жылы жазда Сочидегі лагерьге апарып еді. Сонда Испаниядан бапкерлер келгенде Назар бірден көзге түсіп, ұнаған. Сосын сертификат беріп, Валенсиядағы футбол академиясына шақырды. Сыннан ойдағыдай өтіп, кәсіпқой футбол клубымен екі жылға келісімшарт жасасты. Жарты жыл Испанияда болып, бір ай демалысын Оралда, үйде өткізіп, қайтадан кетті. Өйткені келісімшарт бойынша жаттығуды қалдырмау керек. Қыркүйектің ортасынан бастап сол елдегі мектепке барады. Ұлыммен әжесі Гүлжамал үнемі бірге. Мен өзім қазақпын, әкесі – украин, қарапайым көп отбасының біріміз», – деді А.Ілиясова.
Назардың футбол агенті Мария Ковалеваның сөзіне қарағанда, қазақстандық жас ойыншы Global Football Total Levante UD академиясында қаралымнан ойдағыдай өтті. Академиядан оны Levante UD кәсіпқой футбол клубы аттай қалап алды. Енді федерация деңгейінде клубта аптасына үш рет жаттығатын болады. Футбол лигасында аптасына бір ойынға қатысады.
 «Бастапқыда мұнда келгендер тілді білмейді. Басқа орта, тамағына дейін басқа. Әсіресе, жаттығу барысы, ойнау мәнері мүлде бөлек. Соның бәріне бейімделіп кету сырттан келгендерге оңай емес. Назар бірінші күннен бастап алаңда өзін көрсете білді. Соның нәтижесінде, Назар лицензия алып, толыққанды ойыншыға айналды. Мұнда басқа клубтар да жас таланттардың ойынын қарайды, сондықтан түрлі ұсыныстар түсуі мүмкін. Назар қазірдің өзінде болашағынан үлкен үміт күттіреді, қалғанын уақыт көрсетер», – деді Мария Ковалева.

К.ЕСІМХАН