Биыл басталған жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жоспардағыдай іске асып жатпағанға ұқсайды. Бағдарламаға бөлінген 100 млрд теңге сарқылуға таяды. Ал көлікті болып, көңілі көншіген жандар көп емес тәрізді. Бір сөзбен айтқанда, істің кем тұсы жетерлік. Сондықтан бағдарламаны сәтті деп бағалай алмаймыз. Не себепті? Толықтай жіктеп көрелік. Ресми дерек бойынша, жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен көлік сатып алуға 31 мыңнан астам өтініш қабылданып, оның 12 483-і мақұлданған. 10 015 автокөлік беріліпті. Шамамен 2 апта уақыт бұрын Индустриялық даму қоры жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында Еуразиялық банкке соңғы 10 млрд теңге лимитті бөлді. Яғни, бағдарламаға деп қарастырылған 100 млрд теңге таусылды. Еуразиялық банк – 35 млрд, Банк ЦентрКредит – 27,5 млрд, Қазақстан Халық Банкі – 22,5 млрд, Forte Bank 15 млрд теңгесін алды. Алған қаражатты халыққа 4 пайызбен көлік алуға берді. Иә, көлікті болғандар жетерлік, алайда автонесие арқылы темір тұлпар мінгендердің саны 10 мыңнан асқаны жөніндегі ақпаратқа күмән көп. Еуразиялық банк соңғы 10 миллиардты еншілегенде тек Hyundai брендінің көліктерін алуға болатынын мәлімдеді. Өйткені 100 миллиард теңге екі көлік өндіруші компанияға теңдей бөлінген. Алдымен «СарыарқаАвтоПром»-ға, кейін Hyundai Trans Kazakhstan-ға берілді. Шынын айтқанда, екі ұжым да өздері алған міндетке сай көліктерді әзірлеп үлгерген жоқ. Ақыры автокөлік тапшылығы төңірегіндегі тақырып шықты. Былығы батпан іс Бір жағынан елдегі дүмпуді басу сияқты көрінген бағдарламаның тым асығыс басталғаны аңғарылады. Көлік өндірушілердің Үкіметке беретін есебіне күмәнмен қараушылар көп екенін жеткіздік. Осыған дейін кезегі жылжымағанына өкпелі жұрт көп еді. Таяуда қоғам белсендісі Диас Нұрақын Hyundai маркалы көлікті салоннан жеңілдетілген несие арқылы алуға кезекке тұрғанын, банктің мақұлдауын алса да, 5 айдан бері компания темір тұлпарды әзірлемегенін айтып, шағымданды. Яғни, «жылына бірнеше мың көлік шығарамыз» деп жарияға жар салған компаниялардың өтірігі әшкере болғандай. Мәселен, Диас Нұрақынның кезегі 5 ай бұрын 416-шы болса, осы күні 109-ға ғана жылжыған екен. Оның үстіне, «көлік жоқ» дейтін автосалондар мен банктер соңғы кездері 20 пайыздық автонесиелерді ұсынатынды шығарған. Демек, қайткен күнде де бағдарламаның іске асуында былықтың бары анық. Сөйтсек, Hyundai Trans Kazakhstan-ның жағдайы да мәз емес екен. Жақында елдегі зауыт сұранысқа ие Hyundai Accent пен Hyundai Creta модельдерін шығаруды уақытша тоқтатқаны хабарланды. Бұрынғы дағдымыз бойынша тағы Ресейдің кесірінен саланың салы суға кетіпті. Украинамен шиеленіскелі бері Ресейден жабдықтар жеткізілмейтін болған. Кәсіпорын бұған дейін қорда қалған жабдықтарды пайдаланып жұмыс істеген екен. Ал Қазақстан автобизнес қауымдастығы елге басу айтып әлек. Қауымдастық көлік көбін алға тартады. Осындай түсініксіз жайлар бар. Жұрт басқа көліктерге көз салайын десе, бағдарлама тек 10 млн теңгеге дейін несие береді. Басқа деп отырғанымыз – нарықта 13-14 млн теңге тұратын Elantra, Sonata (15-18 миллион теңге), Tucson (18-22 миллион теңге) маркалары. Артылған соманы сатып алушы табу керек. Бұдан кейін бағдарламаның тиімділігі жөнінде айту қисынсыз. Айтпақшы, автоөндірушілер енді жаңа көлік түрі мен бөлшектерді Түркиядан тасымалдамақ. Автоблогер Олжас Оқастың айтуынша, елімізде екі жаңа модель ұсынылады. Таяуда сертификаттаудан өткен Hyundai Bayon мен Hyundai i20. Creta мен Accent деңгейіндегі көліктер. Әзірге бұл инсайд ақпарат. Сонымен, компания жаңа көлік түрін әкеліп, тапшылықтың орнын толтырмақ. Бірақ бағасы қалай болары белгісіз. Әйтеуір, бір бағдарламаның қолбайлауы тыйылмады. Тиімсіз тұстары жетерлік Негізі, бағдарлама сарапшыларға әуелден ұнамаған. Несиеге көлік алу жұрт үшін тиімді емес. Өйткені көлік жүре бастаған күнінен-ақ бағасын жоғалтады. Ал «отандық өнеркәсіп» деген атау алған, елде құрастырылып жатқан көліктерге жаппай сұраныс жоқ. Автомобиль саласы кәсіпорындары одағының ақпараты бойынша, еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың (былтырғы дерек) көлікке 20 жылдан асып кеткен. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 пайызды құраған. 2020 жылы 70 пайыздан асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған болып саналады. Демек, 10 млн теңгеге жетпейтін бағадағы көліктерді жұрт несие арқылы алып жатқанда, ескі, есесіне арзандау көліктерге сұраныс әлі толастамайды. Содан кейін шетелден көлік тасымалдауға асығатындар көбейсе – заңдылық. Осынша ескі көліктердің саны алдағы уақытта да арта берері сөзсіз. Аталған бағдарлама іске аса бастағанда экономист Ғалым Құсайынов бізге жоспардың зияны көп болатынын ескерткен еді. Қараңыз, отандық автокөлік өнеркәсібіне бөлінген қаражаттың 80 пайызы жинақтаушы бөлшектер мен оның материалдарын сатып алуға жұмсалады. Салдарынан елдің төлем қабілеті нашарлап, теңге бағамы қысымға түседі. Мысалы, 100 млрд теңгеге қаржы бөлінсе, оның 80 млрд теңгесі шетелге кетеді. Маман сайып келгенде автонесиенің басты мақсаты ӨКМ операторының ақшасын жұмсау болғанын айтты.
– Ең алдымен арзан несие ақшаның құнын кетіреді, біз нарық механизмін дамыту керек болған кезде бұрынғы әдістерге қайта оралдық. Инфляция 10 пайыздан асқанда 4 пайызбен несие беру – ақшаны теріс мөлшерлемемен несиелендіруді аңғартады. Мемлекеттің басты мақсаты не? Халықты көлікпен қамтамасыз ету ме, әлде халықтың жайлы жүріп-тұруына жағдай жасау ма? Егер осы сұрақтарға жауап берсек, ӨКМ операторының ақшасын келесі нәрселерге жіберген абзал. Олар – ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру және техникасын локализациялау, қоғамдық көлікке инвестиция ұлғайту, – дейді Құсайынов.Яғни, жеңілдетілген автонесиеден гөрі ауылшаруашылық техникасын алуға жеңілдетілген несие қарастырған абзал еді. Шаруалардың ескі техникамен есі шығып жүргенін білеміз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2021 жылғы дерегіне қарасақ, еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасының паркінде 147,7 мың трактор, 38,1 мың комбайн бар. Енді қараңыз, соның 80 пайызы тозған. Сондықтан шұғыл жаңарту мәселесін қолға алмасқа болмай тұр. Бұл мәселені шаруалар Үкіметке де жеткізген болатын. Жауапсыз қалды. Шаруалардың айтуынша, отандық өндірістегі тракторларды, комбайндарды, аспалы және тіркеме техниканы 15 пайыздық бастапқы жарнамен, жылдық үстемеақысы 7 пайызбен лизингке беру үшін шамамен 30 млрд теңге қажет екен. Бірақ бұл бар болғаны 872 техниканы жаңартуға, жыл сайынғы шығындар мен жиналмай қалатын егін көлемін қысқартуға мүмкіндік береді. Пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттары бойынша тракторлар, комбайндар мен ауыл шаруашылығы саласындағы басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Бізде техникалардың тозбағаны жоқ. 2019 жылы қолданылған техниканың 60 пайызының мерзімі өткені анықталған. Бірақ бәрі қолданыстан шығарылмады. Себебі орнын басар жаңа техника жоқ. Енді биыл, арада 3 жыл өтісімен бұл көрсеткіш 80 пайызға жетті. Алдағы 5 жылдықта тозған техника үлесі тіпті ұлғайып кетуі мүмкін. Бұл жайында бізге «Атамекен» ҰКП-ның Агроөнеркәсіп кешені және тағам өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев айтып берген еді. Оның ойынша, саланың құлдырауына әкелетін себеп көп.
– Ауыл шаруашылығы техникасының паркі ескірген соң саланың дамуы кенжелеп қалды. Еліміздегі жалпы техниканың 80 пайызы тозған. Барлық шаруаның техникасын жаңартуға шамасы жетпейді. Көптеген ұсақ фермер тіпті отандық ауыл шаруашылығы техникасын да сатып ала алмай жүр. Ал импорттық ауыл шаруашылығы техникасына енгізілген утильалымы мәселені одан сайын күрделендірді. Қазір фермерлер өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған кезде оның құнына қосымша 7 миллион теңгеге дейін утильалым төлейді. Бұл аздай, 12 пайыз мөлшерінде қосымша құн салығы бар. Мынадан кейін фермерлер мүлде техникасын жаңарта алмайды, – дейді маман.Қорыта айтқанда, бағдарлама берекелі болмады. Иә, жаңа амалдар қарастырылды, мысалы автонесие алған азаматтар ай сайын төлем жасайды. Жиналған сома қайтадан 4 пайызбен кезекке тұрғандарға жеңілдетілген пайызбен берілуі қажет. Бұл бағдарлама қыркүйектен бастап іске асады. Осындай жаңалық көп болғанымен, пайдасы аз секілді көрінеді.