Бүгінде Жаңа Қазақстанды негіздеуге қатысты ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Және бұл іске елдегі барлық мемлекеттік және қоғамдық институт белсенді қатысуда. Мұндағы негізгі мақсат – заң үстемдігін орната отырып, әр қазақстандықтың тұрмыс жағдайын түзеу. Қазір ғылыми қауымдастық, қоғамдық, саяси ұйымдар мемлекетте жүргізілетін реформалардың бағыттарын азаматтарға насихаттаумен, түсіндірумен айналысып жүр. Өйткені жекелеген құқықтық мәселелерге қатысты кәсіби қауымдастық, ғалымдар, тәжірибелі мамандар арасында түсініспеушілік туындап жатады. Біз тарихи уақыттың өте қарқынды өтетін дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Оған әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы, экономикалық сын-қатерлер өзінше әсер етіп отыр. Дәл қазір көптеген мемлекет үшін дербестігі мен біртұтастығын сақтап қалу мәселесі өзекті. Жаһандық даму толқынында қазақ елі де осынау мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Әлгінде айтылған сын-қатерлерге төтеп беру үшін елімізде 2022 жылдың 5 маусымында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін республикалық референдум өткізілді. Конституция мемлекеттің Негізгі Заңы мәртебесіне ие болғандықтан, оған енгізілетін өзгерістер қоғам өмірінің барлық саласын қамтыды. Әрі оған енгізілген өзгерістерді олардың нормалары мен оның шеңберіндегі бағыт қана деп түсінбеу керек. Бұл Ата Заңдағы толықтырулар елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік жаңғыруында айрықша мәнге ие. Конституцияның негізгі заң ретінде ережелері тікелей күші болғанымен, ол мемлекеттік құрылымның, оның негізгі идеялары мен қағидаттарының іргетасы ретінде құқықтық негізін анықтайды. Конституциялық ережелер содан кейін конституциялық және басқа заңдарда, заңға тәуелді актілерде, мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, азаматтар мен ұйымдардың қызметінде жүзеге асырылады. Сондықтан да Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң болашақта болатын саяси өзгерістерге жол ашты. Бұл өзгерістер ел дамуындағы реформаларды жүзеге асырудың алғашқы кезеңінің негізін орнықтырды. Сол арқылы дамудың келесі сатысына алғашқы қадамдар жасалады. Саяси жаңғырудың жалпы бағытына сәйкес алғашқы кезеңнің өзіндік мақсаты мен міндеттері болады. Біріншіден, тиімді демократияландыру қоғамның белсенділігін арттырып, әр азамат мемлекеттік мәселелерді шешуге тартылады. Азаматтарды әртүрлі нысандағы партия, үкіметтік емес ұйымдардың, жергілікті және орталық органдар сайлауына, қабылданатын мемлекеттік шешімдерді талқылауға қатысады. Екіншіден, мемлекеттік аппаратты реформалау жүзеге асырылып, оның қызметіндегі бюрократиядан арылуға жол ашылады. Бұл мемлекеттік органдардың атаулары мен міндетін ғана емес, әр органның, әр лауазымды тұлғаның өзінің қызметіне жаңа тәсілдерін өзгерту қажет. Мемлекет басшысы ұсынып отырған Екінші Республика ұғымы – әр жеке азаматтың және көпұлтты Қазақстан халқының жалпы іске, Жаңа Қазақстанды құруға атсалысуын айғақтайды. Демек, елдегі реформаның түпкі мәні халықтың мүдделерін қорғауға бағытталуы қажет. Мәселен, 5 маусымдағы референдумға дейін кейбір сарапшылар Конституциялық Кеңестің тек қана атауы өзгереді деген пікір айтты. Осыған дейін Қазақстанның құқықтық жүйесінде 27 жыл қызмет еткен Конституциялық Кеңес еліміздің конституциялық құқығы актілерінің негізін қалаған, Ата Заңның кейбір нормаларын түсіндіру бойынша көптеген қаулы әзірлеп, өзінің тарихи міндетін орындады. Енді Конституциялық Сотқа азаматтардың тікелей өтініш беруі арқылы конституциялық құқығын сақтап, қорғайтын кезі келді. Бұл құқықтық инстанция азаматтардың мәселелерін қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға, конституциялық құқықтар мен бостандықтарға сай шешеді. Үшіншіден, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар заңдық күші бар нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауда атқарушы билікке қосымша құзыреттер берді. Бұл мәселені конституциялық реформа шеңберінде, мемлекеттік билік жүйесінің үйлесімділігі ауқымында қарастыруымыз қажет.
Мемлекет басшысы 2022 жылы 16 наурызда Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет тұрақтылығының саяси формуласының негізін былай атап өтті: «Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз», – деді Президент.Ата Заңға енгізілген өзгерістер топтамасы осы аталған мақсатты жүзеге асыруды көздейді. Яғни, Президентінің құзыреті азайып, шексіз президенттік үлгіден президенттік-парламенттік республикаға ойысу, биліктің жаңа үлгісін негіздеуге жол ашылды. Өз кезегінде тепе-теңдік тежемелік жүйесін пайдалану, биліктің тармақтарға бөлінуінің конституциялық принципін жүзеге асырады. Президенттік билік халықтың өкілдігін нақты жүзеге асыратын, ықпалды, тиімді қызмет атқаратын Парламентсіз мықты және беделді бола алмайды. Ал Үкіметтің есеп беруі оның заң шығаруға қатысты ерекше құзыретінің кеңеюін шектейді. Конституцияға енгізілген өзгерістер Парламенттің барлық міндетіне, оның палаталарына, әр депутатына қатысты болды. Ең алдымен депутаттық корпустың өкілдік міндеттері күшейді. Депутаттардың заңнамалық, заң шығару қызметі қоғамның талаптары негізінде құрылуы тиіс. Олар Үкімет ұсынған заң жобаларын сараптау және техникалық түзетумен айналыспай, қоғам талабының негізінде қабылдауға қажетті заңнамалық актілерді әзірлеуге ден қойғаны абзал. Мәселен, соңғы кезде Парламент 32 үкіметтік заң жобасына 307-ге жуық түзету енгізген. Сонымен қатар заң шығару қызметінің сапасына, оны кәсібилендіру арқылы, заңнаманың тиімділігін талдау жұмысын күшейту, жаңа қабылданған заңдардың салдарларын болжауға баса назар аударуы қажет. Ең негізгі басымдық заңнаманың тиімділігін арттыруға, заңдардың сапасына берілуі тиіс. Үкімет мүшелерінің заңдарды орындауына байланысты парламенттік бақылаудың рөлін белсенді түрде жүргізуді одан әрі жетілдіру керек. Мұндай тетікті ендіру 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформа кезінде қолға алынды. Бірақ бұл жұмысты жетілдіріп, оны жүзеге асыру тетігін айқындап және парламенттік бақылау туралы норма тәжірибе жүзінде нақты іске асуы керек. Бірақ парламенттік бақылау атқарушы биліктің қосымша құзыретін теңдестіріп, оны есеп беруші Үкіметке айналдырғаны жөн. Заңдардың нақты мақсаты, айқындамалары, көрсеткіштері болып, олардың нәтижелері атқарушы биліктің міндетіне айналуы тиіс. Сонда ғана атқарушы биліктен заңдарды орындау туралы сұрап, Үкімет мүшелерінің жеке жауапкершілігі талап етіледі. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген өзгерістер енгізілген Конституцияға сай Үкіметке төтенше жағдайда заңды күші бар уақытша нормативтік-құқықтық актілер қабылдауға рұқсат беріледі. Мұндай заң жобаларын Парламентке ұсынғанда, Үкіметтің уақытша және шұғыл актілерін қабылдағанда заңнамада халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар нақты көрсетілуі міндетті. Өйткені заң шығару тек ең жоғарғы өкілді орган Парламенттің құзыретінде екенін ескеруіміз қажет. Осы өзгерістің барлығының қабылдану тетігі бұл реформалардың демократияға бағытталғанын көрсетті. Сондықтан ол да Мемлекет басшысының ұсынысымен республикалық референдумда қабылданып, халықта мемлекеттің болашақ дамуына пікірін білдіріп, дауыс берді. Академик Салық Зимановтың әкімшілік-саяси режимнен зияткерлік-саяси даму кезеңіне көшу туралы пікірі дәл қазіргі реформалардың түпкі мақсатын айқындайды. Бұл ұстанымдардың мәні алдағы уақытта еліміздегі стратегиялық және нақты бағдарламаларды дайындауда зиялы қауымның рөлі мен ықпалын күшейтуді көздейді. Демек, Жаңа Қазақстанды құру қадамдарын жетілдіруге барлығымыз белсенді түрде атсалысуымыз қажет.
Жамаладен ИБРАГИМОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы