Жоғарғы құқықтық тетік
Жоғарғы құқықтық тетік
351
оқылды
Егер ауқымды түрде алып қарайтын болсақ, онда Қазақ­стандағы конституциялық заңнамалардағы өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайта тү­суде жатыр. Ал сенім дегеніміз – тұтас қоғамды біріктіруші дә­некер күш. Дәл осы күш билік институттарына легитимділік беріп, орнықты мемлекет құруға көмектеседі. Өйткені, сенім арту сезімін әмірлі тәртіпте күштеп орнату мүмкін емес. Ол тек қана халық пен билік қоғамдық және мемлекеттік құрылыста ортақ идеалға ұмтылған кезде, ұқсас саяси-құқықтық құнды­лықтар пайда болған кезде орнайды, яки құқықтық әдебиет­терде «конституциялық айнымастық» деп аталатын ұғым беки түседі. Конституциялық реформаларды жүзеге асыру Қазақстанда конс­титуциялық бірегейлікті қалып­тас­тыру мен оған деген сенімді нығайту үшін маңызды. Осы тұрғыдан ал­ғанда, конституциялық нормаларда берілген идеялар мемлекетті бөл­шектеуге емес, біріктіруге бағыт­талған. Қазақстандықтардың мем­лекеттік органдар қызметінен өз­геріс күткенін ескере отырып, Мем­лекет басшысы 2022 жылы 16 нау­рызда Қазақстан халқына арна­ған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында Конс­титуцияны жаңарту туралы идеясын жария етті. Президент халықтың бірлігі мен мемлекеттік биліктің, Конститу­цияның баяндылығының, адам құқықтары мен еркіндігінің кепілі ретінде және «еститін мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес өз сө­зінде конституциялық түзетулер Жаңа Әділетті Қазақстанды құруға ықпал етуі тиіс екендігін айтты. «Әділетті мемлекет» дегеніміз не? Мемлекет басшысы мұны бәрінен де бұрын барлық қазақстандықтар үшін тең дәрежелі мүмкіндік беру деп түсіндірді. Мүмкіндіктердің тең­дігі (саяси, экономикалық, әлеу­меттік) – адамның биік әлеуметтік мәртебе мен басқа да жоғарғы қызмет орындарына өзінің күш-жігерінің, еңбексүйгіштігінің, да­рынының, іскерлігі мен өзге де жеке қасиеттерінің арқасында қол жет­кізуіне жағдай жасау. Азаматтардың иіліктерді иеленуі қандайда бір әу­летке жататындығына немесе жо­ғарғы лауазымды тұлғаларға жақын­дығына байланысты болмауы керек. Екінші республика әркімнің түрлі игіліктерге, меншікке және мемле­кеттік лауазымдарға теңқұқылы қолжетілімділігі идеясы негізінде құрылады. Конституцияға енгізіл­ген түзетулер Қазақстанның барлық азаматтары үшін теңқұқылы жағдай жасауға бағытталған. Жаңа конституциялық құры­лымды бекіту жеке адам құқының заңнамалық кепілін күшейтіп, мем­лекеттік билік қызметінде демо­кратиялық және құқықтық негізін нығайтады. Конституциялық реформаның нәтижесінде барлық азаматтарды сайлауға және саяси процестерге жұмылдыру мүмкіндігі кеңейтіледі. Реформа азаматтардың таңдау құқы болуын, шынайы балама болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мәжіліс мажоритарлық жүйеде – 70 пайыз партиялық тізім бойынша және 30 пайыз бір мандатты округ бойынша (мұнда сайлаушылар партия үшін емес өз округіндегі нақты адам үшін дауыс береді) құ­рылады. Енді бұдан былай қандайда бір сайлау округі тұрғындарына өз округінен сайланған депутатты депутаттық мандаттан айыруға құқы беріледі, бұл парламентшілердің сайлау алдында берген уәделерін орындату жауапкершілігін артты­рады. Егер Конституцияның ескі редакциясында Сенаттың 15 депу­татын Президент тағайындайтын болса, енді ол тек 10 депутатты ғана сайлай алады, оның 5-ін Қазақстан халқының Ассамблеясы ұсынады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Ассамблеядан Сенатқа сайланатын депутаттарды іріктеудің нәтижелі және шынайы процеду­расын әзірлеу керектігін айтты. Облыстық және республикалық маңызы бар қалалар деңгейінде әкім лауазымына мәслихаттарда Президент ұсынған кем дегенде екі адамның ішінен дауыс беру арқылы таңдау жасалады. Оның халыққа пайдасы қандай? Тұрғындар кімнің бағдарламасы тартымды соған дауыс бере алады. Әкім қоғамның қадағалауында болады және өзінің жұмыс нәтижелігінің бағасы сай­лауалды бағдарламасын орындауы­мен тікелей байланысты екенін түсінеді. Нақтысын айтқанда, жана­ма сайлау жүйесі енгізіледі. Конституциялық Кеңесті та­ратып, оның орнына Конститу­циялық сотты құру күрделі сипат­тағы өзгеріске жатады. Салыстырмалы түрде айтсақ, Конституциялық сот институты батыс мемлекеттерінде шамамен бір ғасыр бұрын пайда болды. Конс­титуциялық әділсот идеясын әзір­леу бастамашылдығы аустриялық ғалым Г. Кельзенге тиесілі, ол мұны Аустрияның 1920 жылғы Консти­туциясында бекіткен. Бүгінде Конс­титуциялық сот басқа да құрлық­тарды қамтыған әлемдік құбылысқа айналды. Шетелдерде ол жергілікті дәстүрлер мен әмбебап құнды­лық­тарды үйлестірген түрлі нұсқаларда жұмыс істейді. Конституцияға республикалық референдумда қабылданған түзе­тулерге сәйкес, Конституциялық Кеңеске қарағанда Конституциялық соттың қызметі конституциялық сот өндірісі негізінде жүзеге асы­рылады. Конституциялық сотты құру биліктің ұстанымдар мен тепе-теңдіктер негізінде жұмыс істеуін қамтамасыз ететін құқықтық ме­ханизімді күшейтеді. Конститу­ция­лық соттың мәртебесі мен өкілдігі оған Конституциялық бақылаудың жоғарғы сот органы ретінде саяси процестің ықпалынан ада емес қан­дайда бір субъектіге қатысты әділ шешім шығаруына мүмкіндік бе­реді. Конституциялық соттың идео­логиялық тұрғыдан бейтарап, әділ шешім шығаруына қажет заңна­ма­лық құралдары неғұрлым сенімді. Ол биліктің басқа органдарына тәуелді емес заңды құзіреті бар ор­ган ретінде Конституцияда көрсе­тілген құндылықтар мен принцип­терді, азаматтардың конституция­лық құқықтары мен еркіндігін не­ғұрлым табанды қорғауға, құқық қорғаушылық функциясын нәти­желі жүзеге асыруға қабілетті. Конституциялық әділсоттың жұмысының маңызды принципі Конституциялық сот қабылдаған шешімдердің заңдылығын қамта­масыз ететін фактор – жариялылық болып табылады. Айта кетейік, Конституциялық Кеңестің істі қа­рау және шешім шығару үрдісінде жариялылық принципі қатаң қа­растырылмаған. Құпия дауыс беру арқылы шешім қабылдау үшін Конституциялық Кеңестің бір мү­шесінің талабы жеткілікті болды. Мұндай процедура саяси шешім қабылдау ықтималдығын жоққа шығара алмайды. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Жаңа Қазақстан» туралы тезисті жемқорлықтан, біреуге бүйрек бұ­рушылықтан, патернализмнен ада әділдік пен заңдылық салтанат құр­ған аумақ ретінде суреттеді. «Әді­леттілік» ұғымы Конституцияда тікелей берілмеген және оның маз­мұны мен мәнін Конституцияның ережелерін, оның рухы мен қарпін түсіндіру арқылы ұғуға болады. Яғни, Конституциялық соттың қыз­меті тек конституциялық құ­қықтар мен нормаларды түсін­ді­руден тұрмайды. Бұл институт конс­титуциялық нормалардың «сақшысы» міндетімен шектелмеуі тиіс. Конституциялық сот конститу­ция­лық құндылықтарды қорғаушы ғана емес, сонымен бірге оны іл­герлетуші және елде әділдіктің сал­танат құруына кедергі келтушілер­мен күресуші органға айналуы керек. Оның әлеуметтік және заң­намалық маңызы осында. Жаңадан құрылғалы отырған Конституциялық соттың артықшы­лығы – оған Президенттен, Парла­мент депутаттарынан, Премьер-Министрден бөлек азаматтардың да, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де, Бас прокурордың да жүгіне алатыны. Яки, заңдар мен өзгедей де нормативті-құқықтық актілердің Конституция нормаларына сәйкес болуына конституциялық қадағалау жүргізуді талап ете алатын субъек­тілер қатары едәуір көбейді. Конс­титуциялық сотқа арызданушы субъектілер тізімінің ұлғайтылуы конституциялық жаңашылдықтың маңызды бөлігі болып табылады, сол арқылы оның құндылығы мен жалпы Конституцияның өзінің құн­дылығы арта түседі. Конституция­лық сот азаматтар мен заңды ұйым­дардың мүддесін қорғауда сенімді конституциялық-құқықтық меха­низімге айналуы тиіс. Ubi jus ibi remedium – әділдік қорғалатын жерде әділеттілік бар. Азаматтардың Конституциялық сотқа арыздана алу құқының берілуі жаңалықтың бірі болып табылады. Бұл құқықты мойындау жеке тұл­ғаның құқы мен еркіндігін жариялау ғана емес, сондай-ақ оларды қор­ғаудың пәрменді құралын білдіретін конституционализм логикасына негізделген. Бас прокуратураның Конститу­циялық сотқа арыздану құқының берілуі жаңашылдық қадамның бірі саналады. Бір ескерте кететіндігі, Бас прокурор өз бастамасы бойын­ша кез келген нормативтік-құқық­тық актінің заңдылығын тексеру туралы сауал жолдай алады. Мұндай құзіреттілік конституциялық сот өндірісінің тиімділігін арттыруға, елімізде біртекті заңның нығаюына ықпал етеді. Шетелдік тәжірибе көр­сеткендей, Бас прокурордың Конституциялық сотқа арыздану құқы басқа мемлекеттердің де заң­дарында қарастырылған (Польша, Ресей, Тәжікстан). Адам құқықтары бойынша уә­кіл – Конституциялық сотқа өз бастамасы бойынша адамның құқы мен еркіндігіне қатысты норма­тив­тік-құқықтық актінің заңдылығын тексеру туралы сауал жолдау құқы берілген тағы бір маңызды субъект. Конституцияда мұндай құқықтың бекітілуі омбудсменнің жеке адам­дардың бұзылған қақын қалпына келтірумен ғана емес, сонымен қатар конституциялық құқықта­рының ілгерлеуіне ықпал етуге мін­детті екенін көрсетеді. Жоғарыда айтылған консти­ту­циялық жаңалықтар елімізде жүр­гізіліп жатқан конституциялық реформалар мәселесінде үлкен ма­ңызға ие. Өйткені, ол Қазақстанның демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде құрылуы үшін жа­ңа заңнамалық механизмдерді қалыптастырады. Жаңартылған Конституция мем­лекеттік-құқықтық жүйенің да­муында адамды, оның өмірін, құқы мен бостандығын ең жоғарғы құн­дылық ретінде бекітетін конститу­циялық норманың нақты өмірде іс-жүзінде қолданылуын көздейді. И.Канттың адамға құрал ретінде емес, басты мақсат ретінде қарау туралы үндеуі Екінші Қазақстанда жаңа мазмұнға ие болды. Осы тұр­ғыдан алғанда Конституциялық сот тек Конституцияның ғана емес, заң­намалық және әлеуметтік құн­дылық ретінде жалпы құқықтың қорғаушысы міндетін атқарады. Конституциялық сотқа 11 судья енбек. Олардың төртеуін Президент, қалғанын үш-үштен Сенат пен Мә­жіліс тағайындайтын болады. Бұл орган халықаралық келісімшарт­тар­дың Конституцияға қаншалықты сәйкес келетініне конституциялық қадағалау жасаумен айналысатын болады. Өйткені, мұндай құжаттар ратификацияланғаннан кейін біздің елдің заңдарының алдында басым­дыққа ие болып шыға келеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық соттың рөлі – конституциялық нор­малар мен кепілдердің бұлжымай орындалуын қамтамасыз ету және олардың сақталуын талап ету.

Индира ӘУБӘКІРОВА, Заң ғылымдарының докторы