Әлихан Смайылов Түркістан облысының жаңа әкімін таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Primeminister.kz-тің хабарлауынша, Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу Түркістан қаласына келіп, Түркістан облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты.
Үкімет басшысы депутаттарға Қазақстан Президентінің облыс әкімі қызметіне Ұласбек Сәдібеков пен Дархан Сатыбалдының кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.
Өңірдің бұрынғы басшысы Өмірзақ Шөкеев берген өтінішіне сәйкес қызметінен босатылды.
Әлихан Смайылов кандидаттардың әрқайсысының өңірді басқару үшін кәсіби тәжірибесі мол және қажетті құзыреті бар екенін атап өтті.
Дауыс беру нәтижесі бойынша 286 депутаттың 200-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасын жақтап дауыс берді, 86 депутат Ұласбек Сәдібековті таңдады.
Облыс активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Әлихан Смайылов ҚР Президенті өңір басшылығының алдына азаматтардың әл-ауқатын арттыру, туризмді, агроөнеркәсіп кешенін және басқа да салаларды дамыту бойынша міндеттер қойғанын атап өтті.
«Өңір басшылығы экономиканы барынша әртараптандыру бойынша жұмысты жандандыруы қажет. Тұрғындарды жұмыспен қамтып, азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, халықты газбен және сумен жабдықтау, сондай-ақ мектептегі орын жетіспеушілігін жою мәселелеріне бірінші кезекте назар аудару қажет», – деді Әлихан Смайылов.Осы орайда Үкімет басшысы облыс әкімдігінің жұмысы халықпен тиімді диалог негізінде құрылуы тиіс екеніне назар аударды. Әлихан Смайылов қазір туризмнің облыс экономикасының негізгі салаларының бірі екенін, сондықтан отандық және шетелдік туристер үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Премьер-Министр Өмірзақ Шөкеевке маңызды халықаралық, саяси және мәдени оқиғалар болып тұратын ең әдемі облыс орталықтарының біріне айналған Түркістан қаласының және өңірдің дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс айтты.