14 ақпанда Қарағанды қаласында Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы 610-ші авиациялық базаның командирі полковник Марат Едігеевке арналған ескерткіш бұрыштың салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Полковник Марат Оразұлы Едігеев 2013 жылғы 23 сәуірде басқарудан айырылған ұшақты Қарағанды облысының Просторный елді мекенінен аулаққа алып кетіп өзінің штурманына катапульттеуге бұйрық берді. Ол өз өмірін құрбан етіп басқа жүздеген адамды құтқарды. Әскери борышын орындауда ерлігі мен батырлығы үшін 610-ші авиациялық базаның командирі полковник Марат Едігеев Президент Жарлығымен 1-ші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.
"Полковник Марат Едігеевтің ерлігі біздің әрқайсымыз үшін үлгі болып, әскери борышын орындау кезінде оның кәсібилігіне, батылдығы мен қайсарлығына қарап бой түзейміз", - деп атап өтті авиациялық эскадрилья отрядының штурманы, аға лейтенант Жандос Оңлас.Іс - шараға полковник М. Едигеевтің жұбайы-Жанна Болатқызы, ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері ӘӘК қолбасшысы басқармасының аға ұшқыш - инспекторы, Ауған соғысының ардагері – полковник Мұрат Мұсабеков, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтың немересі - Әбубәкір Әбдіров, "Ардагер" Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы-Талғат Хасенов қатысты.
"Бүгін біз әскери ұшқыштардың өміріне үңіліп, олардың батыл әрекеттері туралы білдік. Осындай іс - шаралар өте пайдалы және қызықты", - деді "Жас Сарбаз" сынып оқушысы Азиза Темірхан.»Шара соңында Кеңес Одағының Батыры Н. Әбдіров туралы " Нұркен Әбдіров. Менің кенже ұлым" атты деректі фильм көрсетілді.