Алматы облысында 100-ге жуық адамның атынан несие алған алаяқ әйел елордада ұсталды
Алматы облысында 100-ге жуық адамның атынан несие алған алаяқ әйел елордада ұсталды
Фото: КТК телеарнасының сюжетінен скриншот
2,655
оқылды
Алматы облысы Жамбыл ауданында өзін «банк қызметкерімін» деп жұртты алдап, несие рәсімдеген келіншек ұсталды. Полиция оны бір айдан астам уақыт іздеп, елордадан ұстады, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Күдікті әйел 100-ге жуық адамды тақырға отырғызған. Әйел кепілдегі тұрмыстық техника мен әшекей бұйымдарды таныстары арқылы ақшалай шығарып беремін деп сендіріпті. Алайда не ақша, не тауарды көрмеген халық банктерге белшесінен қарызға батқан. Осылайша, қос-қостан қарызы барлар енді пайдаланбаған несиені төлеуге мәжбүр. Қулығына құрық бойламаған келіншектің арбауына 97 адам түскен. Олардың барлығы тұрмыстық техникаға тапсырысты әлгі қыз көрсеткен компанияға берген. Қолға түскен күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Жамбыл ауданы ПБ бастығының орынбасары Жарқын Есжанов: «Келтірілген залал сомасы 100 миллионнан астам. Қылмыстық іс тіркелгеннен кейін күдікті азаматша қылмыстық қудалаудан органдарынан бой тасалауына байланысты іздеу жарияланды. 28 тамыз күні жедел іздестіру нәтижесінде, күдікті әйел Нұр-Сұлтан қаласынан ұсталды. Қазір қамауға алынды. ҚК 190-бап 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деді.