– Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа өзінің кезекті Жолдауын жария етті. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында елдің тұтастығы, халықтың бірлігі үшін маңызды мәселелер, қадау-қадау ойлар айтылды. Биыл Мемлекет басшысының шешімімен Балалар жылы аталып өтіп жатыр. Осы жылдың аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде Президент бүгінгі Жолдауында жария етті. Ұлт игілігінің бәрі балалар үшін жасалуы тиіс. Осы орайда, Президенттің: «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын.Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді» деуі – ең орынды шешім. Елдің болашағы – балалар! Балалардың келешегін бүгін ойласақ, біздің ұлт ретінде адаспағанымыз.