Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев ауыл мектептерінің жағдайын көтеріп, оларды қалалық мектептермен теңестіру мәселесіне көңіл бөлу қажет екенін айтты. Осы ретте Президент айтқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын тиімді жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдар мүдделі болуы тиіс екенін де атап өтті. Сарапшы бүгінгі Жолдауда Президенттің қоғамда жиі талқыланып, айтылып жүрген мәселелерге назар аударғаны «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалып жатқанының көрінісі екенін жеткізді.
«Білім саласына қатысты Президент айтқан бастамалар өте орынды. Өйткені қазір қалалық жерде үш ауысымды мектептер бар, кейбір елді мекенде мектептер жетіспей жатыр. Мұндай мәселе республикалық маңызы бар қалаларда да, аудандық жерлерде де бар. Мемлекет басшысы Жолдауда осы мәселені көтеріп, нақты тапсырмалар берді. Ендігі кезекте оны шешу жолдары жергілікті атқару органдарына байланысты. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» бастамасы жайлы айтылды. Бұл бағдарлама өңірлердегі, ауылдардағы мектептердің жағдайын көтеру, олардың техникалық сапасын жақсартуға бағытталған. Көптеген аудан-ауылдарда балалар әлі күнге дейін ескі мектептерде оқып жатқанын білеміз. Кейбір мектептердің кітапхана қоры жоқтығы – үлкен мәселе. Тұрғылықты жеріне қарамастан балалар тең дәрежеде, жақсы білім алуы керек. Олар бұған әбден құқылы. Ауыл мектептеріндегі ғылым мен инновацияны дамытуға мән бере отырып, талантты, дарынды балаларды ынталандыруға жағдай жасаған дұрыс.Жақсыбек Ақтілеуұлы Жолдауда айтылған ЖОО-ға қатысты мәселелерге де тоқталып өтті.
«Жолдауда ЖОО мәселесі де қозғалды. Аталған салаға қатысты Қ.Тоқаев нақты тапсырмаларды берді. Мысалы, министрлік беретін гранттан басқа жастардың жоғары білім алуына жағдай жасау тетіктерін қарастыру, 2-3 пайыздық несие жайлы бастамаларын орынды деп білемін. Себебі кейінгі кездері қаржыдан қысылып оқуға түсе алмай, қара жұмыс істеп немесе мектеп бітірген соң бос жүретін жастар көбейіп кетті. Осы бағытта осындай үлкен бастаманы ұсынып отырған Мемлекет басшысына рақмет айтамыз. Бұл бастама жастардың білім алу мүмкіндіктерін арттырып, болашақта белгілі бір маман иесі атануға септігін тигізеді деп үміттенемін», – деді сарапшы.