Алтыншаш Мұқатаева: Сочиді сазбен тербетіп...
Алтыншаш Мұқатаева: Сочиді сазбен тербетіп...
731
оқылды
Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның әртісі, әнші Алтыншаш Мұқатаева Сочиде өткен Icon Music Fest фестивалінің гран-при жүлдесін жеңіп алды. Әлемнің әр түкпірінен 100 әртіс қатысқан ән фестивалін 25 мыңнан астам көрермен тамашалады. 30 тамыз күні түнде өнер иесі елордаға оралды. Филармониядағы жұмысына кірісіп те үлгерген екен, әңгімелесіп қайттық. Бұл – анамның жеңісі Icon Music Fest – көптеген елден келген таланттар өз бағын сынап, бәйгеге түсетін халықаралық ән фестивалі. Бұл додаға негізінен он екі мүшесі сау әншілер қатысады. Бірақ мүмкіндігі шектеулі талант иелеріне де шектеу жоқ.
«Байқау мүгедектігі бар үміткерлерді қуана-қуана қарсы алды. Бес кезеңнен тұратын ән байқауында бақ сынау оңай болған жоқ. Басқа әншілердің кәсібилігі жоғары деңгейде болды. Оның үстіне, мен отырып ән салатын болған соң, дем жеткізу қиын. Қобалжысам, тіптен тынысым тарылатыны бар. Финалға 15 қатысушы өттік. Байқауға төрт сахналық образ дайындап бардым. Барлық кезеңнен аман-есен өттім, барлық көйлегім киілді. Бірінші кезеңде «Браво» тобының «Ленинградский рок-н-ролл», ал финалда Ардақ Балажанованың «Далала» әнін орындадым. Әділқазылар алқасы жоғары бағалады», – дейді жеңімпаз.
Алтыншаш байқауға 2020 жылы баруы керек болған. Пандемияға байланысты шара екі жылға шегерілген. Былтыр Мәскеуде өтуі керек деп жоспарланып, бір ай қалғанда тағы жылжыпты.
«Биыл сәті түсіп, Сочиге жол тарттық. Ұшаққа отырғанға дейін байқаудың болатынына сенбей жүрдім, соңғы жағдайларға байланысты тағы жылжиды деп ойладым. Елден ұзап, шет мемлекетке алғаш рет сапар шектім, керемет әсер алдым. Сочи – табиғаты ғажап алып шаһар екен. «Болашақ» корпоративтік қорынан жол жүру грантын алдым. Мұндай мүмкіндіктердің бары қуантады. Әйтпесе, байқауға барып-қайту қып-қызыл шығын. Фестивальге қызу дайындалдым. Бірнеше рет ауырып та қалдым, неше рет жылап та алдым. Анам, інім қатты қолдады. Бұл – менің ғана емес, анамның да жеңісі»,– деп өнер иесі анасына деген жылы лебізін білдірді.
Елімізде емі жоқ Алтыншаш Мейрамғазықызы 1991 жылы 29 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында дүниеге келген. 1 жастан асқанда денсаулығы сыр беріп, сүйегі сынғыш бола бастаған. Кейін «Жетілмеген остеогенез» деген диагноз қойылған. Бұл дертке шалдыққан жандарды әлемде «хрустальды адам» деп те атайды.
Бастапқыда дәрігерлер нақты диагноз қоя алмады, бірі дәрумен жетпеушілігінен десе, енді бірі Семей полигонының салдарына сілтеді. «Жетілмеген остеогенез» екенін кейін білдік. Елімізде мұндай диагнозбен 80 адам бар. 1996 жылы дәрігерлер І-топ мүгедектігін берді. Бастапқыда ел қатарлы мектепке бардым, кейін қиын бола бастаған соң үйден оқыдым. Осы кезде білімсіз, жұмыссыз қалып қоямын деген қорқыныш болды. Сол үшін білімге, өнерге ерекше ынта қоя бастадым. 13 жыл бұрын астанаға қоныс аудардық. Мұнда да бірнеше білікті дәрігерге қаралдым, айтарлықтай өзгеріс болмады. Өкінішке қарай бұл дерт емделмейді. Оның үстіне, елімізде осы диагнозды ерте бастан анықтау, дер кезінде емдеу, оңалту шаралары енді-енді дами бастады. Шетелдерде сүйекке арнайы ота жасалады, бірақ одан толыққанды жүріп кете алмайсың. Бұл ота қымбат әрі өзім де ота жасатуға қорқамын», – дейді ол.
Алтыншаш қазіргі уақытта сүйектерінің жағдайын бақылап, қажетті дәрілерді өзі сатып алады. Оның бір құтысы 30-60 мың теңге шамасында тұрады. Мемлекеттен, яки МӘМС аясында бұл дәрілер тегін берілмейді. Алтыншаш Мұқатаева Сочи Тең жағдай жасалса деймін Алтыншаш байқауға қабылданған соң ұйымдастырушылар, басқа қатысушылар, концертке жиналған көрермен өзін қалай қабылдайтына уайымдағанын айтады. Алайда Ресей жұрты, ән додасына жиналған қауым «ерекше» әншіні жақсы қарсы алған.
«Кемсіту, мүсіркеп қарау деген болмады. Еліміздегі көп байқауда финал тұрмақ, жарыстың негізгі кезеңіне өте алмай жатамын. Тіпті, кейбір байқаулар «сізді қатыстыра алмаймыз» деп ашық айтады. Былтыр «Қазақстан дауысына» қатыстым, «Көрмей таңдау» кезеңінен өте алмадым. Сочиде өзімді еркін сезіне алдым. Әнші ретінде де, адам ретінде де еркіндік болды. Жергілікті халық менің мүгедектігіме тіптен мән бермейтіндей әсер қалдырды. Саған ыңғайлы орта қалыптастыруға тырысады. Мәселен, ол жақта маған қолайлы болсын деп адамдар отырып, яки сәл еңкейіп сөйлеседі. Сұрақ қойып, жауап алу үшін шалқайып, мойын талдырмайсың. Сөйте тұра, олардың жанарынан саған деген аяныш, мүсіркеу сезімін байқамайсың. Кішкентай балалардың өзі таңырқап қарамайды. Тағы бір мысал айтайын. Анам екеуіміз байқауға дейін Қара теңізге барып, кемеге отырдық. Арбада отырғанымды көрген бойда ол жердің қызметкерлері бір-біріне хабарлап, кемеге жайлы отыруыма жәрдемдесті. Ал Есілдегі паромға отыратын болсаң, мұндай қызмет жоқ, арбамен сырғанауға қолайлы жағдай жасалмаған. Ол жерге барсаң, аға-көкелеп бөгде ер-азаматтардан көмек сұрауға тура келеді», – деп еске алады әнші.
Өнер иесі еліміздің сахнасында бәріне тең жағдай жасалғанын, баршаға бірдей мүмкіндік берілгенін қалайды. Филармонияда жұмыс істеймін Алтыншаш – үш жылдан бері Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның әншісі. Сочиден елге оралғанда анасы екеуін осы өнер ордасындағы жетекшісі, әріптестері қуанышпен қарсы алған. Сондай-ақ «Жастар театрының» жанынан құрылған «Қанаттылар» шығармашылық тобының құрамында өнер көрсетеді. Басты рөлде ойнап көрмесе де, бірқатар қойылымға қатысқан. Алдағы уақытта ол жағымсыз кейіпкердің рөлін сомдағысы келетінін айтады. Астанадағы Қазақ технология және бизнес колледжінің дизайн мамандығын оқыған. Қазақ гуманитарлық заң университетінің психология мамандығын бітірген. Музыкалық білімін шыңдау үшін Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасын оқыған – өнер магистрі. Бос уақытында кітап оқып, театрға барғанды жақсы көреді. Елордадағы концерттерде өнер көрсетеді, қайырымдылық шараларға қатысады. Astana Stars, Mega festival, World ART халықаралық байқауларының жеңімпазы. Нұр-Сұлтан қалалық Жастар мәслихатының депутаты.
«Мамандығымды жақсы көремін. Өнерден тапқан табысымды өнерге салып келемін. Бүгінде репертуарымда 7 әнім бар. Әр әнімнің өзіндік тарихы бар. Соңғы шыққан «Аймын мен» әнімді Сочиде арнайы концертте орындаудың сәті түсті. Жабыққан кезімде өзімді қамшылау үшін жаздырған әнім. Мәні аспанда жұлдыз көп, ал мен сол көп жұлдыздың ішіндегі аймын» дегенге саяды. Көбіне көп әндерімнің философиясын авторларға өзім айтамын. Арманым – еліміздің мәдениетіне үлес қосу және еліме адал қызмет ету, тыңдарманды жаңа әндермен қуанту», – деп түйді әңгімесін әнші.

Асыл ТҰМАР