Ғазиз АМАНЖОЛҰЛЫ, «AMANAT» партиясы Жетісу облысы «Авангард» бастауыш партия ұйымының төрағасы: – 2010 жылдан бері «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісімін. Облыс, республика бойынша ұйымдастырылған әртүрлі шараға қатысып келемін. Партия жанындағы жастар ұйымының атының өзгергені елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесі деп білемін. Өйткені заман өзгерген сайын жастардың идеологиясы да өзгереді. Соған сай біз бұрынғы қалыптасқан жүйемен шектелмей, жастармен жаңаша жұмыс жүргізуіміз керек. «Жастар Рухы» жастар қанаты болып ауысуы ең бірінші жастардың бойындағы ұлттық рух пен елдік танымды нығайтады. Бастауыш партия ұйымының төрағасы ретінде облыс көлемінде әртүрлі жұмыс жүргіземіз. Соның ішінде NEEТ санатына жататын жастарды жұмыспен қамтуға баса мән береміз. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуге қатысты іс-шаралар, синтетикалық есірткіге қарсы түсіндірме жұмыстар жүргіземіз. Шалғай ауылдағы жастар әлі де мемлекеттік бағдарламалардан шет қалып жатыр. Сондықтан біз ауыл-ауылдарды аралап, үгіт-насихаттық топпен түсіндірме жұмыстарын өткіземіз. Қазір жасөспірімдердің арасында түрлі деңгейдегі қылмыстар да көбейіп жатыр. Біз осы мәселелердің алдын алу бойынша іс-шаралар өткізудеміз. Бұл жайлы ақпараттар Жетісу облысы «Жастар Рухы» жастар қанатының әлеуметтік желідегі парақшаларында үнемі жарияланып тұрады.