Өзгерісті бірге жасаймыз!
Өзгерісті бірге жасаймыз!
338
оқылды
Нұрсұлтан ОРЫНБАСАРОВ, Алматы облысының мәслихат депутаты: – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қа­зақстан құрамыз дегеннен кейін референдум, құрыл­тай өткізді. Одан кейін «AMANAT» пар­тия­сы жа­нындағы жастар қа­натының съезін өткізіп, ұйымның атын «Жас­­­тар Рухы» деп өзгертті. Съезде біз де та­рихи сәтке куә болдық. Пре­зи­дентіміз съезде арнайы Үндеу жолдап, Жаңа Қа­зақ­стан­ның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отан­шылдық қасиет. Тарих бетіне үңіл­сек, елдің қорғаны болған, әлемге өз­геріс енгізген жастар. Он үшінде Жоңғар қоңтайшысын сөзбен тоқ­татқан Қазбек би, он бесінде Ша­рыш­тың басын алған Абылай, Алашорда құ­ра­мыз деп азаттық аңсаған Әлихан, Ах­мет, Мұстафалар, жиырмасында Азия жас­тарын басқарған Ғани, 1986-да алаңға шық­қан да жа­лындаған жастар еді. «Мен жастарға сенемін» деп ұран қалдырған Мағжан да жас­тарға зор үміт артты. Біздің елде солар артқан үмітті ақтай алатын жастар бар ма? Жастардың әртүрлі ­проб­лемасы бар. Әсіресе, ауылда қаншама танылма­ған Ди­маштар мен жаттықпаған Бекзаттар бар. Бірақ мектепті бітіре сала бәрі қалаға қарай кетеді. Неге? Ауылда не жаттығатын зал жоқ, не үйрететін адам жоқ. Ауылға бөлінген жастар маманы әкімнің қолбаласы сияқты барып кел, шауып кел қызметіне кірісіп кетеді. Осының бәрін өз орнына қоятын уақыт жетті деп ойлаймын. Жастарға мүм­кіндік беру оларға рух беруден басталады. Сондықтан партия жа­нындағы жастар қанатының атын өзгертуі еліміздегі жастар арасындағы проблемалардың шешілуіне де үлкен септігін тигізеді.