«Жастар рухы» – кемел келешек кепілі
«Жастар рухы» – кемел келешек кепілі
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Егеменді  еліміздің ертеңі. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру жолында  өскелең ұрпақтың алар орны  айрықша. Бұл ретте «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатының  да берері мол. Биыл құрылғанына 22 жыл толып отырған ұйымның Жамбылдағы бағыт-бағдарын білмек мақсатта «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенді мүшесі, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Медет Нұрділлаұлымен тілдескен едік. – Медет Нұрділлаұлы, ең әуелі «Жастар рухы» Жастар қанаты жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып өтсек. Ұйымның мақсат-міндеті қандай? – Елдің жарқын болашағына сенетін патриот жастардан жасақталған ұйым  бүгінде мемлекеттік жастар саясатының қозғаушы күшіне айналды.    width= «Жастар рухы» жастардың зияткерлік әлеуетін, кәсіби деңгейін көтерумен айналысуда. Нақты  айтсақ, жоғары сынып оқушыларына дұрыс кәсіптік бағдар беріп, жастар арасындағы пікірсайыс қозғалысын күшейту, гранттар, стипендиялар, конкурстар, шахмат турнирлерін ұйымдастыру, сонымен қатар жастардың бойында патриоттық және әскери тәрбие саласындағы жұмысты күшейтуге күш салуда.  Жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттыру үшін «Сарбаз болғым келеді» ашық есік күнін өткізіп,  Qaisar  әскери-патриоттық жобасын іске асыруда. Жасыратыны жоқ, елімізді әрі қарай өркендету жолы мен  рухымыз бен жігерімізді жану мақсатында «Жастар рухы» атауы кейінгі буынды жігерілендіруде. Бұл атау ұйым мүшелері арасында сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаңа өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға серпін беруде.  Осылайша, біз рухты жастар   Жаңа Қазақстанның қалыптасуына нақты іс пен шынайы өзгерістеріміз арқылы бар күш-жігерімізді салатын боламыз. – Қазір Тараз қалалық мәслихатының ең жас депутатысыз. Айтыңызшы, халық қалаулысы ретінде қандай бастамаларға ұйытқы болудасыз? – Қалалық мәслихаттың 7-шақырылымының депутаты болып  сайланғаныма 5 ай болды. Осы уақыт аралығында қала көлемінде орналасқан ірі кәсіпорын жұмысшыларымен, жастармен, білім, спорт, өндірістік кәсіпорындарының қызметкерлерімен 20 кездесу өткіздім. Қазір  қант тапшылығына орай «Әлеуметтік дүкен», «Фиркан», «СМАРТ» секілді  сауда орындарында баға тұрақтылығы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жастар мәселесі  бойынша 2 қоғамдық кеңес өткізілді. Халықтың мұқтажын тиісті мекемеге жеткізу мақсатында «Арай-2», «Бәйтерек», Байзақ батыр көшесінде орналасқан тұрғындармен жүздесіп,  облыс пен қала  әкімдігіне қарасты мекемелерге 12 депутаттық сауал жолдадым. Сондай-ақ   жалғызбасты анаға үйлі болуына  жәрдемдестім.    width= 6 рет жастарды қолдау кеңесі және әлеуметтік мәселелер комиссия отырысына қатысып, мұнда да тиісті сала мамандарына арнайы сауалдар жолдадым. Депутаттық уәкілеттілігім аяқталғанша жастар үшін, ел үшін аянбай еңбек ете беретін боламын. – Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті Жолдауын жолдады. Бұл Жолдаудың қай тұсы сізге ұнады? – Жолдаудың орны айрықша болғаны ақиқат. Әсіресе,  Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару туралы Президенттің ұсынысы көңілімнен шықты.  Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұратыны, одан кейін   жинақ балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатыны – өскелең ұрпақ үшін жасалған үлкен қамқорлық.  Бұл қаражат кейінгі буынның  үлкен өмірге қадам басуына  бағдаршам болатыны анық. Бұдан бөлек, Президент: «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік, сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», – деген сөзі де саяси тұрғыдан келгенде өте дұрыс шешім деп ойлаймын. «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету  мемлекетіміздің басты міндетінің бірі» деп Мемлекет басшысы айтып өткендей, біз де жастар өз кезегімізде Президенттің бастамаларын   қолдаймыз. Әрқашан тәуелсіз Қазақстанымыздың абыройын биіктету үшін қызмет етуге дайынбыз! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Саятхан САТЫЛҒАН