Қаақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында азаматтардың әл-ауқатын инклюзивті арттыруға, бәсекелестікті дамытуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық реформаларға баса назар аударып, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті, атап айтқанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі аспектілерін қозғады. Бұл жайында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері Айдана Акесина пікір білдірді. – 2021 жылы азық-түлік қауіпсіздігі рейтингісінде Қазақстан 113 елдің ішінен 41-орынды иеленді. Индикаторлар ретінде азық-түліктің болуы және қол жетімділігі, оның сапасы және басқа да өлшемдер сияқты көрсеткіштер қолданылады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету 2020 жылғы пандемия кезінде алдыңғы орынға шықты. Алайда бүгінде елдер геосаяси жағдайға байланысты азық-түлік тапшылығына тап болып отыр. Осыған байланысты Қазақстан өзінің барлық көліктік-логистикалық әлеуетін іске қосып, өзінің құрылықтағы дәлізін көліктік өзара байланысты арттыру, жүктер мен азық-түлік транзитін әртараптандыру үшін пайдалануы қажет. Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліз» өңірлік қана емес, әлемдік маңызы бар көлік ауысып отыру торабына айналуы тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта Қазақстан инфрақұрылымдық желіні, порттық инфрақұрылымды дамытуда – Ақтау қаласында контейнерлік хаб құрылып, теңіз флоты кеңеюде. Бұдан бұрын хабарланғандай 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Транскаспий бағыты бойынша қазақстандық жүктерді тасымалдау көлемі 2,5 есеге артты. Сондай-ақ Еуропа елдері тарапынан дәліздің қызметтеріне сұраныстың артуы байқалады. 2013 жылдан бастап Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы жүк транзиті жыл сайын екі есеге артып келеді. Тамыз айында Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев арасында Бакуде өткен жоғары деңгейдегі кездесулерді еске сала кеткен жөн. Онда Каспий бойынша жүк тасымалын қарқындату жолдары да талқыланды. Осындай талқылаулар 2022 жылдың басында қазақстандық және грузиндік ресми тұлғалар арасында өтті, – дейді Айдана Акесина.