ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінде» Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Талқылау барысында Экономикалық зерттеулер институтының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Хатшылықтың директоры Хамбар Бақытгүл Жолдауда айтылған жол мәселесі жайлы пікір білдірді. Сарапшы кез келген Жолдаудың белгілі бір орташа және ұзақ мерзімге берілген стратегиялық міндеттер жиынтығы екенін атап өтті.
«Кешегі Жолдауда Мемлекет басшысы мәселелердің басын ашып, оларды шешудің жолдарын көрсетті. Енді оны арық қарай тиімді жүзеге асыру Үкіметтің еншісінде. Жолдаудағы ең ұнағаны – тұрақты даму негіздерінің айтылуы. Себебі тұрақты дамудың негізгі қағидасы – ешкімді назардан тыс қалдырмау. Ал кешегі Жолдауда жөргектегі баладан бастап, зейнеткерлерге дейін барлығының өкпесі айтылып шықты. Бұл Жолдаудың негізгі ерекшелігі деп ойлаймын. Әрине, бұған дейінгі Жолдауларда да айтылып жүрген, бірақ осы жолы бәрі бірге, сатылап айтылды», – деді сарапшы.Хамбар Бақытгүл Жолдаудың маңызына ғана тоқталып қоймай, ондағы айтылған маңызды мәселелердің бірі – жол мәселесіне қатысты бөлігіне де тоқталды.
«Президент кеше жергілікті елді мекендердегі жолдардың жағдайын 95 пайызға дейін жақсы деңгейге жеткізу жайлы айтты. Бұл – өзекті мәселе. Мұның әлеуметтік, экономикалық және қауіпсіздік саласында да маңызы бар. Елде жолдың жалпы жағдайын үш түрге бөледі: жақсы, қанағаттанарлық, қанағаттанбайтын. Ал бүгінде, 2021 жылдың басындағы статистикаға сүйенетін болсақ, бізде қанағаттанбайтын жолдардың үлесі 65 пайызға жақындайтын елді мекендер бар. Сонымен қатар қанағаттанбайтын жол үлесі 6 пайыз ғана құрайтын жерлер де бар. Бірақ бұл ол өңірде жол сапасы 95 пайыз жақсы дегенді білдірмейді. Өйткені олардың жақсы жолының үлесі 20 пайызға да жетпейді. Демек, бұл ең әуелі біздің шалғай жатқан жерлестеріміздің басты мәселелерінің бірі деуге әбден болады. Себебі ол тауар бағасының қымбатшылығына, адамдардың әлеуметтік жағдайына әсерін тигізетін мәселе деп ойлаймын», – деді Бақытгүл Хамбар.Сондай-ақ сарапшы су мәселесіне де тоқталды. Ол Президент бұл мәселені дер кезінде көтергенін айтып, әсіресе осы саладағы инфрақұрылым мәселесіне көңіл бөлінуі қажет деп атап өтті.