Малын қараусыз қалдырғандарға 300 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін
Малын қараусыз қалдырғандарға 300 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін
299
оқылды
Кейінгі кезде малдың жол бойына шығып кетуі салдарынан болатын жол апаты жиілеп кеткен. Сол себепті малын қараусыз жіберетіндерге салынатын айыппұл мөлшерін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту мәселесі қаралады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» басқармасы төрағасының орынбасары Серік Айдос елордада өткен брифингте мәлімдеді.
«Полициямен бірге жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, елді мекен тұрғындарымен жиі кездесу өткізіп, автомобиль жолының бойына мал жаймау керегін түсіндіреміз. Хаттама жасалып, жадынама таратылады»,– деді ол.
Басқарма төрағасының айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жол бойында жайылып жүрген мал иелеріне жауапкершілік қарастырылған. Мал иесіне 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал егер мал кесірінен жол-көлік апаты болған жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
«Болған жағдайды ескере отырып, үй жануарларына дұрыс қарамағаны үшін салынатын айыппұлды 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту ұсынылады», – деді Серік Айдос.