Президент Жолдауының арқасында балалар мен жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылды – «AMANAT» партиясының мүшелері

Президент Жолдауының арқасында балалар мен жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылды – «AMANAT» партиясының мүшелері

Бүгін бірқатар өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын талқылау бойынша партия активтерінің жиыны өтті. Нұр-Сұлтанда партия мүшелері балалар мен жастарды қолдау шараларына ерекше мән берді. Қалалық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының жетекшісі Азамат Айтхожиннің айтуынша, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% аудару жоспарланған арнайы жинақтаушы шоттар ашу туралы бастама азаматтардың шынайы қызығушылығын тудырды.

«Еліміздің тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Сонымен қатар  Президенттің бастамасы бойынша 18 жасқа дейін ақшаны алуға болмайды, яғни қаражат жиналады, оны беталды жұмсауға жол берілмейді. Менің ойымша, жастар бұл ақшаны қалай жұмсауды өздері шешеді. Егер кейбірі грантқа түсе алмаған жағдайда сол қаражатпен оқу ақысын төлеуі де мүмкін», – деді ол.
Мемлекет басшысы Жолдауының маңызды бөлігінің бірі – мектепке дейінгі білім берудің сапасына қатысты болды. Қалалық мәслихаттың депутаты Ләззат Разбекованың пікірінше, Президент қоғамда көп талқыланған мәселеге нүкте қойды.
«Қазір балабақшалардағы тәрбиешілердің жалақысы өте аз. Қасым-Жомарт Кемелұлы жалақыны көтеруді тапсырды. Сонымен қатар  ол балабақшаларды емес, тәрбиешілерді аттестациялауды, яғни оларға қойылатын нақты талаптарды бекітуді тапсырды. Осылайша, ата-аналар, жеке бизнес және мемлекеттік органдар арасында дау тудыратын мәселе шешіледі», – деді ол.
Алматы қаласында да партиялықтар Жолдауды талқылау бойынша актив отырысын өткізді. Олар ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселесіне жеке тоқталды.
«Кешегі Жолдау – бұрын жарияланған саяси реформалардың жалғасы. Мемлекет басшысы атап өткендей, жалақының өсуі 2 млн  адамның табысына тікелей әсер етеді. Қазір тауарлар, қызметтер, азық-түлік бағасының жаппай өсіп жатқанын ескере отырып, Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде көрсетіп отыр. Себебі мәселенің бар екені анық және билік оған қатысты тиісті әрекет жасап жатыр», –  деді «Жастар рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Әкежан Кеңесов.
Айта кету керек, партия активтерінің отырысы Қазақстанның барлық өңірінде өтеді.