Белгілі журналист Берік Уәлидің жетекшілігімен құрастырған «Алаш айтқан асыл сөз» кітабынан Ақаңның әр жылдары айтқан айтулы сөздерін жинақтап, мерейтой қарсаңында жариялауды жөн көрдік. Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.
***
Сайлауды өз мағынасында алып қарап көрелік, бәле болып табылар ма екен? Сайлау деген – өзіңе берген ықтияр.***
Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.***
Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан қалған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес.***
Біреу: жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман, – дейді, біреу: маңдайымдағы елім жаман, – дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады.***
Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі иә өлі болу мәселесі.***
Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуін, бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.***
Адам баласын: көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүниенің бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым.***
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы.***
Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт: өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақыры ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал.***
Амалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе?